Маңғыстау жастарын не толғандырады?

Стратегиялық менеджмент

Бүгін «Маңғыстау облысы жастарының стратегиялық жоспарлау сессиясы» өтті. Онда 60-қа жуық маңғыстаулық жас Бибігүл Шайхиевадан «Стратегиялық менеджмент» тақырыбында дәріс алды. Содан соң қатысушылар топқа бөлініп, өңірдегі жастар арасындағы мәселелер мен қажеттіліктерді талдап, жоба жасақтады.

Төрт сағатқа созылған сессияда қатысушылар креативті мектеп қалыптастырып, жастарды шығармашылыққа шыңдайтын арнайы орта құруды, балалар арасындағы телефонға тәуелділікті жою мақсатында «Smart school» қосымшасын іске қосуды ұсынды. Сонымен қатар Ақтау тек мұнайшылар қаласы емес, теңізшілердің де қаласы. Дегенмен теңізде өскен жастар «Теңізші» мамандығына аса қызықпайтыны туралы мәселе көтерілді.

«Маңғыстаулық жастар теңізші мамандығын таңдауға құлықсыз. Елде теңіз саласы бойынша білім беретін үш-ақ ЖОО бар. Соның бірі – Yessenov University. Дәл осы оқу орны 21 жасты Астраханьда оқуға жіберуді көздеп отыр. Бірақ көрші елге барып, оқығысы келетін жас жоқ. Бұл – біз үшін үлкен мәселе. Екіншіден, теңізшілердің мәртебесін көтеруді сұраймын. Осы уақытқа дейін жас теңізшілердің еленіп жатқанын естімедім?! Сол себепті қалада теңізшілерге арналған саябақ салынса деген ұсынысым бар», – деді «Құрық порты» мекемесінің жағажай матросы, белсенді жас Берік Хамидуллаев.

Одан бөлек өңірдегі жұмыссыз жастардың санын азайтуды, қарапайым жұмысшылардың мәртебесін көтеруді көздейтін жобалар таныстырылды. Өз кезегінде Маңғыстау жастары үшін аймақтың бизнес картасын жасақтауды ұсынды. Сондай-ақ бабалар ізін жалғауды мақсат еткен жастар спорт, инфрақұрылым мен туризм саласын бір арнаға тоғыстыратын идеяға толы жоспарымен бөлісті.

Аталған жобалар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен жиында қорғалды. Ол айтылған ұсыныстар мен жобалардың өте өзекті екенін тілге тиек етті. Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысына тапсырмалар беріп, ұсыныстарды ескеруін сұрады.

Сессия маңғыстаулық жастар үшін тиімді болды. Себебі теңізшілер мәртебесін көтеруді сұраған Бегей Хамидуллаев облыс әкімінің қабылдауына жазылып, өзі ұсынған жобалар бойынша жұмыстарды пысықтауға мүмкіндік алды. Шараның мақсаты да – сол, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының негізгі аспектілерін қамту арқылы алдағы жылға арналған даму жоспарын жасақтау болатын.

Айта кетейік, жастардың басын бір алаңға біріктірген фасилитациялық сессия халықаралық жастар күніне орай өтті. Шараны Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы мен «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырды.

Exit mobile version