Маңғыстау жастары Нұрлан Байжігітұлымен кездесті

Әлеуметтік желілер арқылы жастарға кеңінен танылған имам, дінтанушы, теолог Нұрлан қажы Байжігітұлы маңғыстаулық жастармен кездесті.

Шетпе, Құрық, Форт-Шевченко елді мекендерінде жастармен өткен рухани құндылығы мол кездесуге жиылған халықтың қарасы қалың болды.

Кездесуде Нұрлан қажы егеменді елдің болашағы – жастардың тәрбиесінен бастап, имандылық, үлкенге құрмет, кішіге қызмет, жат ағым зардабы, ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, қасиетті Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өмірінде кездескен әр түрлі жағдайларды мысал ете отырып, ұлағатты насихат жеткізді.

Нұрлан имам жастар арасында TikTok желісі арқылы танылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген имам. Дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген оның айтқандары бүгінде ел аузында. Ол жастардың санасын жақсы жаққа бұру мақсатында әлеуметтік желілерге, оның ішінде TikTok-қа тіркелуіне қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәрбиесі себеп болған екендігін әлеуметтік желілерде жасырмай айтып та жүр.

– Біз Аллаға аузымыздан шыққан сөзбен емес, жүректен шыққан сөзімізбен, шынайы әрекеттерімізбен ғана жақын бола аламыз. Сіз бен бізге берілген ұлы қасиет ол сөйлеген сөзіңе ие болу, артық сөйлемеу. Мұсылманның ең жақсысы – қолымен немесе тілімен ешкімге зиян келтірмегендері. «Басқа пәле тілден» деп өткен ата-бабаларымыз аңдап сөйлеуді, тілді талдап қимылдатуды үйреткен. Бұл қасиет дәстүрге, шариғат шартына байланады. Атамыз қазақ балаларын қарғыс алмай, алғыс алуға тәрбиелейтіні де осыдан”, – деді Нұрлан имам.

Кездесу-сұхбат барысында сауал-жауап форматы да қызықты өтті. Жиында жастарға ата-ананы құрметтеу жайлы шариғат талабына сай діни тұрғыда ақыл-кеңестер айтылды. Имам Ислам дінінің жастарымызды мүлтіксіз тәрбиеге апаратын жол екендігін және ізгі амалдарға жетелейтін асыл қазына екендігін түсіндірді. Өз кезегінде адамгершілік қағидаларға негізделген хақ дініміз бен біздің ата-дәстүрлеріміз сабақтасып жатқандығын білдірді. Сондай-ақ, қазақ ұлтының дәстүрі дінмен тамаша үйлесім табу арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.

Аталған іс-шара Маңғыстау облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесінің «Жастар керуені» жобасы аясында жүзеге асты.

Exit mobile version