Маңғыстау жастары министр Дархан Қыдырәлімен кездесті

Бүгін Маңғыстау облысының жастары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесті. Алдымен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мұқаш Оралбай жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстарын баяндады. Содан кейін мемлекеттік бағдарлама арқылы грант алып, кәсібін дамытып жүрген Даниял Төлеуіш жетістік жолымен бөлісті. Ал «Түпқараған жастары» ҚБ директоры Наурызбек Мағдатов жастарға бағытталған қолдау шаралары және қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмысын айтты.

Елде жастар саясаты саласында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі – 2022 жылы қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң. Осы ретте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Заңның тиімділігі мен мүмкінділігін тілге тиек етті. Айтуынша, Заңды іске асыру үшін биыл «Жастарды дамыту индексі» енгізіледі. Бұл әкімдіктердің жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу жөніндегі тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Жалпы облыста 233 мың жас бар. Оның ішінде NEET санатындағы жастар саны 7,7%-ға жеткен, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен (6,5%) 1,2%-ға жоғары. Енді аталған заңның негізінде NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жанданады.

– «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Жастармен жұмыс жөніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары» ұғымдары заңмен бекітілді. Жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы бекітілді. Аталған құжат жастарды жан-жақты қолдауға негізделген. Атап айтқанда, 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жасын жұмыспен қамту, бір жарым миллион жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, ресурстық орталықтар арқылы 3,8 миллион жасты әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген. Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, 2,2 миллион жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарлануда, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Бүгінде жастарды қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарлама мен жобалар іске асып жатыр. Былтыр жастар жобаларын жүзеге асыруға жалпы соммасы 75,0 млн. теңге құрайтын ҮЕҰ арналған 6 мемлекеттік грант іске асты. Биыл мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бөлінген қаржы көлемі 762 млн. теңгеге дейін артты. Министр бұл ретте жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктерді ерекше бағалап, белсенді қатысуға шақырады. Сонымен қатар министрлік пен әкімдіктер тарапынан тиісті көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Кездесуде аймақ жастары ІТ хаб жұмысы жайлы сөз қозғады, көбі біле бермейтін маңғыстаулық тұлғаларды википедияға енгізуді ұсынды.

Exit mobile version