Бүгін Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Lectorium» жобасы өтті. Жоба аясында кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев маңғыстаулық жастармен кездесті. Кездесудің алғашқы сессиясында «Өмірлік серікті қалай таңдаймыз» тақырыбы қозғалды.
«Қазіргі таңда саналы түрде отбасын құру, оны берік ұстап қалу өте маңызды. Себебі қоғамда ажырасу көп, бұл алаңдайтын мәселе. Сондықтан жастар арасында саналы түрде тұрмысқа шығып, үйлену, отбасын құрудың маңыздылығын түсіндіру, өмірлік серікті дұрыс таңдау және отбасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаевты өңірге шақырдық. Осы кездесу арқылы жастарға дұрыс бағыт беріп, пайдалы ақпараттармен бөлісеміз деген сенімдемін», – дейді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Баянқызы.
Кездесу барысында өмірлік серікті таңдаудағы негізгі қателік айтылды. Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, отбасылық модельдің болмауы мен өзіне деген сенімсіздік өмірлік жарды дұрыс таңдауға кедергі келтіреді.
Сондай-ақ ол қыз бен жігіт ретінде жүру үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Бұл қадамға тек отбасы құруды ниет еткен жандар ғана барғаны дұрыс деп есептейді. Осы ретте отбасылық психолог жастарға некеден бұрын жыныстық қарым-қатынасқа түспеуді ескертті. Оның айтуынша, жыныстық қатынас – некесі қиылған ер мен әйелдің қарым-қатынасын ерекшелендіретін қасиетті нәрсе. Егер мұндай жақын қарым-қатынас некеден кейін болса, отбасындағы сенім, бақыт пен беріктік ұзақ болатынын тілге тиек етті.
Отбасылық психолог кез келген қарым-қатынаста еркін әрі ашық түрде сөйлесу, оны тыңдай білу өте маңызды рөл атқаратынын айтты. Егер ортада диалог жиі болса, бір-бірін жақын тануға, ішкі сезімдерін тыңдай білуге, түсіністік орнатуға, отбасындағы жағдайды реттеуге мүмкіндік болады. Яғни, бақытты отбасының негізгі формуласы – сөйлесу.
Өмірлік серікті таңдауда адамның мінез-құлқы мен қасиетіне назар аудару керек. Психологтың айтуынша, жігіттің бойындағы жағымсыз қасиет – сараңдық пен агрессия. Ал қыздардың сүйкімін дөрекілік құртады, сондай-ақ шектен тыс қолы ашықтық та орынсыз екенін ескертті.
Шара соңында жастар қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынас, ажырасу, екінші рет тұрмысқа шығу және тағы басқа сұрақтарды қойып, тұщымды жауап алды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА