Маңғыстау облысында үздік ауыл клубы анықталды

Бейнеу ауданындағы Сыңғырлау ауылының мәдениет үйі өңірлік «Үздік ауыл клубы» байқауында үздік атанды.

Жарыс өңірдегі мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыру және дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Сайыста аудандарда үздік деп танылған 6 ауылдық клуб өзара бақ сынады. Клуб қызметіне қатысты іс-қағаздармен қатар, жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша жоба жасақталып, іріктелді.

Байқауға ҚР «Мәдениет саласының үздігі», облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директорының орынбасары Злиха Сапарова төрағалық еткен қазылар алқасы 12-16 желтоқсан аралығында қатысушы ауылдық клубтарды аралап, жұмыстарымен танысып, жобаларын тыңдады.

Қазылар алқасының шешімімен облыстық «Үздік ауыл клубы» байқауында Бейнеу ауданы Сыңғырлау елдімекенінің Сыңғырлау ауылдық клубы бас жүлдеге ие болды.

Жеңімпаз ауылдық клубқа ұйымдастырушылар атынан арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен бірге, жүлделі І орын Маңғыстау ауданындағы Сай-Өтес ауылдық клубына, ІІ орын Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылдық клубы және ІІІ орын Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылдық клубына бұйырды. Бейнеу ауданындағы Төлеп ауылдық клубына ынталандыру алғыс хаты табысталды.

Ұйымдастырылған байқаудың басты ерекшелігі үздік ауыл клубымен бірге әр деңгейдегі мәдениет үйлері мен ауыл клубтарының әдіскерлері арасында «Ең үздік әдіскер» номинациясы да сарапқа салынды. Нәтижесінде «Ең үздік әдіскер» аталымын Жаңаөзен қаласынан Әсия Төлепбергенова иеленді. ІІ дәрежелі «Ең үздік әдіскер» Маңғыстау ауданынан Нұрхат Аққұлов, ІІІ дәрежелі «Ең үздік әдіскер» Бейнеу ауданынан Нұрсәуле Садақова атанды.

Exit mobile version