Маңғыстау облысында биыл 6 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған

Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров хабарлады.

Оның айтуынша, жалпы Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазіргі уақытта өңір «жасыл аймақта». COVID-19 вирусын жұқтырғандардың жалпы саны 01.03.2020 жылдан бастап 29 258 адамды құрайды. 2020 жылы 3710 тұрғын инфекция жұқтырса, 2021 жылы 19763 адам ковидпен ауырған. Ал 2022 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін 5786 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.

Тұрғындарға инфекциялық 7 стационарда 108 төсек орын дайындалған. Стационарларда науқастар саны 14 желтоқсанда 3 адам болса, бүгінгі күні 12 адамға, яғни 4 есеге көбейді.Төсек орын толымдылығы 11,1%. Реанимациялық төсек саны 22, емділіп жатқан адам жоқ, дейді спикер.

-Барлығымыз білеміз, коронавирус бүкіл әлемді жайлаған дерт. Оның салдарында көріп жүрміз. Өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы біздің қолымызда. Сол себепті өңір тұрғындарын жеке гигиена талаптарын сақтауға, дәрумендер мен минералдарға бай тағамдарды тұтынуға шақырамын. Адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауға кеңес беремін. Сондай-ақ, облыста ковидке қарсы вакцина бар екенін еске салғым келеді, – дейді Аманбек Жұмыров.

А.Жұмыровтың мәліметінше ауру басталғалы облысқа 707 680 доза вакцина жеткізілген. Қазір қолданыста «Пфайзер» вакциналары бар. Осы уақытқа дейін I – компонентпен 284 222 адам егілсе, II – компонентімен 280 369 тұрғын қамтылған. Ревакцинациядан 116 199 адам өткен. Қайта ревакцинациялаудан – 14 319 адам өткен. Қазіргі уақытта «Пфайзер» вакцинасымен ревакцинация және қайта ревакцинациялау жұмыстары жүргізілуде.

Exit mobile version