Маңғыстау облысынан әскер қатарына 20 сарбаз аттанды

Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінде мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды жіберуге орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Болашақ Отан қорғаушыларды шығарып салуға туған-туыстары мен достары келді. Әскер қатарына шақырылғандарға «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлер кеңесі» ҚБ филиалының төрағасы Нұрлыбай Құнақбаев пен жергілікті әскери басқару органдарының ардагері Амангелді Өтегенов те келіп, жылы лебізін білдірді.
Қарулы Күштерде күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталуға жақын. Биылғы күзде Маңғыстау облысынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 580-нен астам сарбаз аттанды. Қазір Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына мерзімді әскери қызметшілерді қабылдау және жіберу жүріп жатыр. Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде облыстың әр ауданынан іріктеліп алынған 20-дан астам әскерге шақырылған сарбаз қызмет етеді.
-Бүгін біз үшін өмір бойы есте қалатын қызықты және салтанатты сәт. Жас жігіттерден нағыз жігітке айналатын жаңа өмірдің табалдырығында тұр. Рухыңыздың беріктігі мен шыдамдылық тілеймін. Біз сіздерді қатты жақсы көреміз және барлығыңызды үйде күтеміз, – деді сарбаздың анасы Ақтілек Тұрабаева.
Бекітілген ережеге сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырудың бастапқы кезеңінде әскер жасындағы бозбалаларды жазбаша шақыру қағазымен және электронды SMS хабарлама арқылы хабардар етеді. Екінші кезең – облыс орталықтарындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда тест тапсыру, медициналық тексеруден өту. Шақырылғандар облыстық медициналық комиссиядан өткеннен кейін денсаулығына байланысты жасақтарға бөлінеді.
Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысынан Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар қатарына 18 бен 25 жас аралығындағы 700-ге жуық жас жігіт аттанады. Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Exit mobile version