Маңғыстау бағында раушан гүлдер жаппай гүлдеді

Маңғыстау аймағы шөлейтті, жасыл-желек өсіру қолайсыз. Бірақ бұл пікірді Маңғыстаудың эксперименталдық ботаникалық бақ қызметкерлері жоққа шығарды. Себебі жалпы ауданы 37,9 гектар жер жазда жасыл, күзде қызғылт-сары түске боялады. Мұның барлығы ботаникалық бақ қызметкерлерінің үздіксіз еңбегі, дұрыс талғам мен таңдаудың, өсімдіктерге ерекше күтім берудің нәтижесі екені анық. Осы ретте біз Ақтау қаласының оазисі саналатын ботаникалық баққа саяхат жасауды жөн көрдік.

Қазір ботаникалық бақ раушан гүлдің хош иісті мекені сияқты. Себебі 25 мамырдан бастап раушан гүлдер жаппай гүлдеді. Ботаникалық бақ қызметкерлерінің айтуынша, раушандар коллекциясы 0,7 га аумақты алып жатыр. Мұнда 8 бақшалық топқа жататын раушан гүлдің 146 сұрыпы бар. Оның 16-ы отандық болса, қалған 118 сұрып – шетелдік. Атап айтқанда,  92 чайно-гибридті, 32 флорибунда, 6 грандифлора, 1 полиантты, 2 миниатюрлы раушан гүл бар. Сонымен қатар 8 өрмелегіш, 3 жартылай өрмелегіш пен 2 бордюрлы гүл ботаникалық бақтың сәнін келтіріп, облыс тұрғындарын өзіне тартып тұр.

Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бақтың аға инженері Күләш Темірбаеваның айтуынша, гүлдің жайқалып гүлдеуі жақсы күтімге, қоректік заттары мен тыңайтқыштарына байланысты. Әсіресе,  раушан гүлдері күтімді ерекше жақсы көреді.

«Қыстаған раушан гүлдерін 22 наурыздан бастап топырақтан босатып, көктемге дайындаймыз. Қыста тонып қалған бұталары болса, қиып, кесу жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін азот тыңайтқыштарын береміз. Бұл гүлдердің өсуіне, жапырақтарының жасыл болуына көмектеседі. Сонымен қатар органикалық тыңайтқыштар беріледі. Раушан гүлдерін көктем айында аптасына бір рет суару жеткілікті. Ал жазда аптасына екі рет суарған жөн. Жаппай гүлдеу маусымы басталғанда калий тыңайтқыштары беріледі», – дейді Күләш Темірбаева.

Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бақтың аға инженері Күләш Темірбаева by Gagarina Erke

Оның айтуынша, жалпы раушан гүлдері бір мезгілде үш рет гүлдейді. Яғни, 25 мамырдан кейін 2 аптадай гүлдеген соң екінші рет гүлдеуге дайындалады. Сонымен қатар гүлдерді көбейту жұмыстары қалемшелер мен итмұрынға отырғызу арқылы жүргізіледі.

Бақ қызметкерлері Батыс Қазақстанда сирек кездесетін және жергілікті табиғат жағдайында өсетін өсімдік түрлерін зерттеумен айналысады. 1972 жылы ашылған уақытта 30 түрлі бұта, 35 түрлі гүлді өсімдік болса, қазір мұнда жасыл-желектің 700 мыңнан астам түрі бар. Ал өсімдіктің 1 300 түрін кездестіруге болады. Сонымен қатар ботаникалық бақтың мамандары облыс тұрғындарына арнайы тақырыптық және ақпараттық бағытта экскурсия ұйымдастырады.

Осы ретте келушілер ботаникалық бақтың ережесімен танысып, тәртібін ұстануы керек. Себебі ботаникалық бақ – ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Сондықтан мамандар келушілерге ішкі тәртіпке бағынуды және вандализмге жол бермеуді ескертеді.

«Ботаникалық бақ бір ғана адамға экскурсия ұйымдастырмайды, сол себепті топпен келуді алдын ала ескертеміз. Қасында міндетті түрде экскурсовод жүреді. Бұл келушілерге бақ туралы, ондағы өсімдіктер мен бұталар жайлы ақпаратты толығырақ білуге және тәртіпті сақтауға көмектеседі. Әйтпесе, кейбір тұрғындардың өсімдіктерді, гүлдерді жұлып, қоқыс тастап, темекі шегетінін көріп жүрміз. Сонымен қатар фотосессия жасауға болмайтынын айта кеткеніміз жөн», – деді ботаникалық бақтың баспасөз хатшысы Айнұр Кемалова.

Еске салайық, ботаникалық бақты аралау үшін жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге келу қажет. Кіру – ақылы. Ересектерге – 946,40 теңге, 7 жасқа дейінгі балаларға – 498,40 теңге, ал 7 жастан асқан балаларға 610,40 теңге. Сондай-ақ экскурсовод қызметі үшін 1 680 теңге алады.

Жұлдызай Қалиева

Exit mobile version