Маңғыстау ауданының 95 жылдығына орай кітап оқудан мектеп оқушылары арасында «Зейінді оқырман» байқауы өтті, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты.
Аудандық жастар ресурстық орталығы мен орталық кітапхана бірлесіп ұйымдастырған байқауға 300-дей оқушы қатысты. Соның ішінде мектепішілік кезеңнен 60 үміткер үздік танылып, аудандық жарыста бақ сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай үш санат бойынша өткізілді. Байқау шарты бойынша жазушы М. Қабанбайұлының 75 жылдығы, жазушы, драматург О.Бөкейдің 80 жылдығы, ақын, ағартушы, жазушы С. Торайғыровтың туғанына 130 жыл және «Қамар сұлу» романына 90 жыл толуына орай 9 кітап таңдап алынды. Әрбір қатысушыға санат бойынша 3 кітапты оқу міндеттелді.
Атап айтқанда, 1 – 4-сыныптарға «Күн астындағы күнекей қыз», «Алтын сақа», «Қаңбақ шал» ертегілері, 5 – 7-сыныптарға Б. Соқпақбаев «Менің атым Қожа», О. Бөкей «Қар қызы» және М. Қабанбаевтың «Бақбақ басы толған күн» шығармасы берілді. Ал 8 – 10-сынып оқушылары Ә. Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде», Т. Әбдіктің «Оң қол», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» шығармалары оқыды.
Байқау нәтижесінде 1 – 4-сыныптар арасында I орынды Асыл Тәзіке ( Жармыш ЖББМ) алды. II орын Тоғжан Сәрсенбайға ( Қосбұлақ бастауыш мектебі) бұйырды. Жүлделі III орынды Дина Нұрмұханбет ( С.Жанғабылов орта мектебі) қанжығаға байлады.
Ұқсас жазба: Шығармашылық жобаларды дамытуға арналған гранттар байқауы
Ал 5 – 7-сынып оқушылары арасында I Жадыра Текебай ( М.Атымов орта мектебі) топ жарды, II орынға Ділдә Мақсатқызы ( Б.Жұмалиев орта мектебі) ие болды. III орын Кәусар Дариябайға (Сайөтес ЖББМ) бұйырды.
8 – 10-сыныптар арасында Мадина Мамбетқызы ( Н.Жұбаев орта мектебі) I орынды еншіледі. Қырмызы Дабыл ( Шетпе гимназиясы) II орынды қанжығаға байласа, III орынға Ақнұр Мұратқызы (М.Атымов орта мектебі) ие болды.
Жүлделі орын алған оқырмандарға алғыс хат пен қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар 10 оқушыға ынталандыру сыйлығы берілді.