«Көшбасшы имиджі» мотивациялық тренингі өтті

Yessenov University ғимаратында «Көшбасшы имиджі» мотивациялық тренингі өтті. Шара Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы аясында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау» студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

Семинар тренинг басталмастан бұрын «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

«Тренингті өткізудегі мақсатымыз – жан – жақты жəне қоғамдық пайдалы студенттік өмірді ұйымдастыру. Студент жастарды мəдени, рухани-адамгершілік құндылықтарға тарту бойынша жүйелі жұмысты үйлестіру. Сонымен қатар студенттердің əлеуметтік өзін-өзі қалыптастыруына жəрдемдесу», – дейді Г. Баянқызы.

Екі жарым сағатқа созылатын тренингті «Қазақстан студенттер Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының президенті, ҚР Президенті жəне Парламент Сенаты жанындағы Жастар кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі, спикер Түстікбаев Ілияс Нұрболұлы жүргізеді. Ол жастарға көшбасшы болудың маңыздығын түсіндіріп, көшбасшы имиджін қалай қалыптастыру керек екенін айтты. Сондай-ақ жетістікке жетудің басты кілті ретінде саяхат жасау пен кітап оқуды ұсынды. Студент кездегі қызықтар мен шетелге шыққан сәттегі тәжірибесін тілге тиек етті.

«Бүгін мотивациялық тренинг жоғары деңгейде өтті. Маған және университеттің студенттері үшін қызықты болды. Ілияс мырзаның өмірлік мақсаттары мен қағидаларын, қызықты оқиғаларын тыңдап, өзімізге қажетті кеңестерді алдық. Сонымен қатар шетелге шыққандағы тәжірибелерін айтып, бізді шетелге шығуға, тіл үйренуге, кітап оқып, жетістікке жетуге шықырды. Сұрақтарымызды қойып, еркін пікір алмастық. Ұйымдастырушыларға және спикерге алғыс айтамын», – Yessenov University студенті Алина Шабхатова.

Аталған мотивациялық тренинг соңында университеттің вице-президенті Маханбет Ержан Тайбағарұлы «Қазақстан студенттер Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының президенті Ілияс Түстікбаевқа құрмет көрсетіп, оқу орны атынан сыйлық табыстады. Университетті таныстырып, студенттерге жасалып жатқан мүмкіндіктер жөнінде айтты.

Exit mobile version