«Jastar books»: Жәрмеңкеде 70-ке жуық кітап сатылды

Бүгін облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Jastar books» жобасы өтті. Жоба аясында ақтаулық кітап оқырмандары алғаш рет басқосты.

Шара алдымен өңірдегі кітап сататын дүкендердің бір алаңға жиналып, жәрмеңке өткізуінен басталды. Жәрмеңкеге «KitapLike», «Руханият», «Кітап Ақтау», «Кітап ал», «Bookstown», «Кітап жарыс», «Оқырман», «Лиза» және «Жарыққа ұмтыл» кітап дүкендері белсенді қатысты. Олар өз өнімдерін көпшілікке ұсынды, ал қала тұрғындары өмірін өзгертетін, қабілетін арттырып, дағды қалыптастыратын кітаптарды сатып алды.

«Лиза» онлайн кітап дүкенінің иесі Ләззат жастар арасында кітапқа деген қызығуышылық артқанын байқаған. Оның айтуынша, бүгінгі кітап жәрмеңкесіне жастардың жиналуы, бірнеше кітап сатып алуы қуантып отыр.

«Үлкен жастағы адамдармен салыстырғанда жастардың арасында кітапқа деген құштарлық өте жоғарғы деңгейде. Мұны мен кітап жәрмеңкесінен анық байқадым. Себебі 20 минуттың ішінде бірнеше жас өзіне керекті кітапты сатып алып жатыр. Көбі оқушылар мен студенттер, ұстаздар екен. Жастардың кітап оқу, даму жолындағы қадамдарына қуаныштымын. Сонымен қатар жәрмеңкені ұйымдастырған Жастар орталығына алғыс айтамын», – деді кітап дүкенінің иесі Ләззат.

Кітап жәрмеңкесіне келген оқырманның бірі – Меруерт Жақсылыққызы. Ол Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы. Меруерт Ақтауда кітап дүкендерінің көптеп ашылып жатқанына қуанатынын тілге тиек етті.

«Бір қуантатыны Ақтауда кітап дүкендері көптеп ашылып жатыр. Соның нәтижесінде мен өзіме керекті қазіргі заманауи әдебиет, көркем әдебиеті мен шетел әдебиеттерін оңай табудамын. Ал бүгінгі жәрмеңкеде Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» кітабын сатып алдым. Өзім оқығым келіп жүрген еді. Жалпы облыста бірнеше рет кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұған өзім куә болдым. Өлкеміздің жастарын, тек жастар ғана емес, орта, егде жастағы тұрғындарды кітап оқуға, бос уақытын тиімді өткізуіне, пайдалы іс-әрекетпен айналысуына шақырып жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», – деді оқырман Меруерт Жақсылыққызы.

Айта кетейік, жалпы жәрмеңкеде 70-ке жуық кітап сатылды. Шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Exit mobile version