IT саласында жетістікке жету — басты мақсатым

«Ақтау студенттер Альянсының» студенттік базасына енген белсендінің бірі — Болат Ықылас Дулатұлы. Қазіргі таңда ол Қарақия кәсіптік колледжінде IT саласы бойынша 2-курс оқиды.

Болат Ықылас бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады. Оның айтуынша, спорт — өмірге деген белсенділікті арттырып, мақсатқа жетуге күш сыйлайды.

— Бос уақытымда теннис, баскетбол ойнаймын, кітап оқығанды ұнатамын. Ал бокстан түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Студенттік кезең — өмірімнің ең тәтті кезеңі. Себебі дәл осы кезең менің қабілетімді одан әрі шыңдап, шыңдала түсуіме көмектесуде, — дейді студент Болат Ықылас.

Болат осы уақытқа дейін спорттық жарыста бірнеше рет көш бастаған. Айтуынша,бокстан облыстық чемпионатта 7 мәрте, республикалық жарыста 4 мәрте, халықаралық жарыста 2 рет, Батыс-аймақ чемпионатында 1 рет жеңімпаз атанған. Сонымен қатар спорт шеберлігіне үміткер.

Оған қоса колледж қабырғасында да белсенділік танытып, Жігіт сұлтаны — 2023, Жас сарбаз жарысының және АК74 қаруын жартылай бөлшектеп жинау сайысының жеңімпазы атанған. «Дала» оқу-жаттығу жиынның рота командирі болған.

Болат Ықылас мамандығы IT-саласындағы мүмкіндіктерге сенеді.

— IT-мамандығын тандаған себебім — жоғары төлемақы, мамандықтар арасындағы ең көп сұранысқа ие болады. Кейде жоғары білім болмай-ақ жұмысқа тұру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ уақытты ұтымды пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуге де ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, болашағымыз IT саласының дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан білім алып, таңдаған мамандығым бойынша жетістікке жету — басты мақсатым, — дейді Қарақия колледжінің студенті Болат Ықылас.

Exit mobile version