Грант конкурсына өтініштер қабылдау 13 шілдеде басталады

13-20 шілде аралығында грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау кампаниясы өтеді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Талапкерлер өтінішін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн тапсыра алады. Сондай-ақ ЖОО-ларда виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы орындалады.

«Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Отандық ЖОО-ларға оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын; 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.

Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Exit mobile version