Елдос Базарбаев: Президент сайлауында алғаш рет дауыс бердім

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің “Филология” мамандығының 3 курс студенті Елдос Базарбаев алғаш рет Президент сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.

-Бүгін, еліміз үшін өте маңызды күн. Осы маңызды сәтте мен де алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Қай кандидат жеңсе де, ертеңгі күнде елмен бірге болатын, халықтың қуанышын, мұң-мұқтажын еститін, Қазақстанымызды жарқын болашаққа жетелеп,ел дамуына өз үлесін қосатын тұлға сайланса екен деймін. Осы сайлауда жастардың таңдауы маңызды деп есептеймін.

Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жастар екенін әсте естен шығармаған абзал.

Қазақстанның әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында еңсесі тік болу жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Бір әмірші әл-Фарабиден: «Менің мемлекетімнің ертеңі туралы не айтар едің?» – деп сұрапты. Сонда әл-Фараби: «Сен маған алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен. Рас, болашақтың қожасы – жастар. Қазіргі XXI ғасырдың, оның ішінде “Жаңа Қазақстанның” жастарының өмірге деген көзқарасы тіптен бөлек. Егемен елдің еңсесін одан әрі көтеріп, болашағын тізгіндер жастардың қатарында мен де бармын. Менің ұстанымым “қына тасқа бітеді,білім басқа бітеді”. Бала кезден бастап, қазіргі кезде де жастық арынмен жетістік жағалауын торуылдап келемін. Ата-анамның сенімін ақтау-менің басты парызым.

“Адал жүріп шын сөйле! Асығың түсер алшыдан!”-қағидасын ұстанатын мен осы уақытқа дейін белсенділігім арқылы, алғыс хат, құрмет грамоталары, марапат қағаздарына ие болдым. Әрине, мұның бәрі-тек өзімнің ғана емес,отбасымның қолдауы, ұстаздарымның шәкірт тәрбиелеудегі тәжірибесі деп білемін.

«Ақыл – өлмес мұра, жұтамас қазына» дегендей, мәңгілік елдің жас ұланы ретінде «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» және «Дарынды бала» куәлік-медалімен марапатталып, соның негізінде «ДБҚБ» кітабына ендім. Одан бөлек «Жас ғалым» атты республикалық ғылыми жұмыстар конкурсында І дәрежелі дипломға ие болғаным мен үшін – мақтан, зор жетістік!
Сөзден түйін түйіп, дауды шешкен шешендердің ұрпағы ретінде қара өлеңді мәнерлеп оқу-менің сүйікті ісімнің бірі. Тарихта аты қалған киелі мекеннің ізбасары ретінде,тек алға ұмтылған жасампаз жас ретінде ел мұратында есімім алтын әріптермен жазылатындай дара тұлға болу, дара жолды қалыптастыру-менің басты мақсатым!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы,аспанымыз ашық болсын,-деді Елдос Базарбаев.

Exit mobile version