«Эко тимбилдинг – 2026» облыстық волонтерлік экологиялық шарасы өтті

Таза Қазақстан акциясы аясында «Эко тимбилдинг – 2026» облыстық волонтерлік экологиялық шарасы өтті.

Маңғыстау облысының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мұнайлы ауданына қарасты «Omir Glamping» демалыс орнының жағалауында өткен шараға облыстың түкпір-түкпірінен 80 волонтер жас қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары табиғат аясындағы қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлардың алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар жағалау аумағын тазалап, жиналған қалдықтарды сұрыптап, арнайы қабылдау орындарына тапсырды. Бұл жұмыс қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.

Шара соңында волонтерлер тимбилдинг ойындарына қатысып, тәжірибе алмасты және жаңа таныстықтар орнатты. Кездесу жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, алдағы бірлескен жобаларға серпін берді.

Шараға UNICEF ұйымы, «Рухтан» қоғамдық бірлестігі, «Қолдау» волонтерлер корпусы, Жаңаөзен қаласындағы «Жасыл жебе» экологиялық еріктілер клубы, «Astro-X», «English Speaking Club» және «JanaLep» еріктілер клубтары қатысты.


#Маңғыстау #жастар #волонтер #ТазаҚазақстан #ЭкоТимбилдинг

Exit mobile version