Диас Жолдыбаев: Мені сәтсіздіктер жеңіске жеткізді

Жақында маңғыстаулық дзюдошы Диас Жолдыбаев әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Диас – Ақтау қаласының тумасы. Қазіргі таңда Мұнайлы ауданы №12 мектепте 11 «а» сынып оқиды. Осы ретте жерлесімізбен сұхбаттасып, жетістікке жету жолымен танысуды жөн көрдік.

– Диас, әңгімемізді әлем чемпионатынан бастайық. Жарыс қалай өтті, боз кілемде кіммен белдестіңіз?

– Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Босния және Герцеговинаның Сараево қаласында өтті. Жарысқа 60 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты. Мен 50 келі салмақта сынға түстім. Алғашқы күні француз спортшысы Кайс Гутайримен күрестім. Ол Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Сондықтан белдесуге шығар кезде жеңетініне сенімді болды. Алайда оны 10 секунд ішінде құлатып, таза жеңіспен келесі кезеңге шықтым. Екінші белдесу америкалық Левид Девиспен болды. Тартысты ойын өрнегін көрсеттік, нәтижесінде жартылай финалға жолдама алдым. Бірақ жартылай финал мен үшін сәтті болмады, себебі 1-орындағы француз балуанына есе жібердім. Ал қола жүлде үшін таласта Арменияның Гор Сафария есімді спортшымен алаңға шықтым. Бұл белдесуде ешқандай техника, дайындық аса қажет болмады. Мені тек намыс алға қайрады. Соның нәтижесінде оңай әрі таза жеңіске жетіп, 3-орынға ие болдым.

– Құттықтаймыз! Жалпы спортқа, оның ішінде дзюдоға қалай келдіңіз?

– Спортқа келуіме әкем себепші болды. Мені сегіз жасымда спортқа жіберіп, артық энергияны жаттығу арқылы шығаруға кеңес берді. Содан кейін  чемпиондар шыққан тарихы терең Шоғы батыр спорт мектебінде алғашқы жаттығуымды бастадым. Алғашқы жеке бапкерім Жақсылық Меретжанов ағай болды.

Жалпы қазақ спортқа, соның ішінде күреске өте жақын халық. Қажымұқан атамызды оқығанда спортқа деген махаббат пен қызығушылық өздігінен пайда болады. Оның күші мен жігері талай қазақ баласын спортқа жақындатты. Мен де күресуді, соның ішінде дзюдо күресін таңдадым.

– Осы уақыт аралығында бірнеше жарысқа қатысып үлгердіңіз. Қай жарыс сіз үшін ерекше болды?

– Дзюдоға қатысып, өзімді шыңдап жүргеніме 9 жылдай уақыт болды. Осы кезең ішінде ең жақыны – Кабардино-Балкарияда өткен үлкен турнир. Менің салмағымда 150-ға жуық адам қатысқан еді. Жеті кездесу өткізіп, финалға шықтым. Өкінішке қарай 2-орын иелендім. Бірақ сол жарыста «Үздік палуан» атандым. Маған дзюдодан Олимпиада чемпионы Хасан Халмурзаев велосипед сыйлаған еді. Мен үшін бұл өмірімдегі ұмытылмас сәттің бірі.

– Диас, жарыстағы жеңілісті қалай қабылдайсыз?

– Әрине, спорт жеңіс я жеңілістен тұратынын білемін. Сондықтан жеңілісті саналы түрде дұрыс жағынан қабылдаймын. Сол жеңіліс болмаса, менің бүгінгі жетістігім болмас еді. Иә, мен дзюдодан Қазақстан чемпионы атанбадым, тіпті, Маңғыстау облысында өткен іріктеу турнирлерінде де жеңіліс таптым.

Дегенмен бапкерімнің арқасында жаттығуымды тоқтатпадым. Бағым мен бабым шаппай, жеңілген сәттерді еске түсіргенде, алға ұмтылуға, жеңіске жетуге деген ерекше күш пайда болады. Міне, сол сәтсіздіктер мені жеңіске жеткізіп отыр.

–Сіздің ойыңызша, Маңғыстау спортының деңгейі қандай? Алда қандай мақсат, жоспар бар?

– Менің ойымша, қазір Маңғыстау спортының, аймақ дзюдошыларының деңгейі жоғары. Осы спортты дамытып жүрген Айбек Имашев, Жақсылық Меретжанов ағайларыма алғыс айтамын. Білікті бапкер мен жігері жасымаған спортшылар барда өңір аты, еліміздің көк туы талай әлемдік аренада желбіреп, әнұранымыз шырқалады.

Ал менің мақсатым – Олимпиада чемпионы атану. Межеге жету үшін үзбей еңбек ету, шыңдалу. Мен үнемі аты аңызға айналған спорт саңлақтарынан үлгі аламын. Одан бөлек ата-анам мен жақындарымның қолдауы жігерлендіреді. Мен өз мақсатыма сенемін және жетемін.

– Сәттілік, Диас. Жеңісті күндер көп болсын!

Сұхбаттасқан

Жұлдыз ҚАЛИЕВА

Exit mobile version