«Daraboz Cup – 2023»: Маңғыстаулық каратэшілер топ жарды

Жақында Алматы қаласында киокушинкай-кан каратэден «Daraboz Cup – 2023» республикалық турнирі өтті. Маңғыстаулық каратэшілер 3 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлдені қанжыға байлады, – деп хабарлайды облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.

Турнирге елдің барлық қала, облыстан 600-ге жуық спортшы келді. Ал Маңғыстау облысынан 15 бала бақ сынады. Жарыс нәтижесі бойынша маңғыстаулық Айбын Елемес, Әлинұр Бақытқали, Сұлтан Артықғали топ жарды, жүлделі 1-орынға ие болды. 2-орынды Ақмырза Байжан, Бейбіт Төлеген мен Айару Қазбек иеленсе, 3-орын Амир Бауыржанға бұйырды.

«Турнир жоғары деңгейде өтті. Маңғыстаулық спортшыларда мінез бар, сондықтан басқа облыстардан ерекшеленіп тұрады. Жалпы 5 жастан 11 жасқа дейінгі спортшыларым жүлделі орындардан көрініп, жүзден жүйрік шықты. Еңбек ақталды. Алдағы уақытта маусым айында Ақтау қаласында өтетін жарысқа қатысуды жоспарлап отырмыз. Жазда Будапешт қаласында өтетін халықаралық турнирге дайындық жүргізудеміз», – деді бапкер Азамат Жұлдызбай.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

 

 

Exit mobile version