Биылғы жаз Маңғыстау үшін несімен есте қалды?

Биыл жаз мезгілі маңғыстаулықтар үшін жайлы болды. Қуаңшылықтан қураған дала нәр алды. Жасыл көктеп, жұртты қуантты. Үлкен спорттық додалар да Маңғыстау төрінде бірнеше рет ұйымдастырылды. Спортшылар да қоржынды алтын, күміс, қоламен майлады. Қайырымды жандар сапарға шығып, мұқтаж жанның қалауын орындады. Осы ретте mangystauzhastary.kz сайты жазда есте қалған оқиғаларды шолып шықты. Көз жүгіртіңіз.

Жаздың алғашқы күні Ақтауға француздық саяхатшы жұп Эмили мен Дэви Санчис келді. Мақсаты – Даун синдромы бар балаларға қолдау көрсету. Олар қаладағы бірнеше оқу орнына барып, жобаларын таныстырды. Сондай-ақ қос саяхатшы велосипед арқылы Маңғыстаудың керемет жерлеріне саяхат жасады. Содан кейін ресейлік туристер топтап келе бастады. Жалпы осы жаз туризм саласына жан бітірді.

«Бизнес бастаймын» деген маңғыстаулықтар үшін де мол мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 15 ақтаулық кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қайтарымсыз грантқа ие болды. 10 шақты Жаңаөзен тұрғыны ұлттық жоба аясында грант алды. Одан бөлек өңір жастарына арналған «Zhas Project» жобасы арқылы 63 жасқа 1 млн теңге грант берілді.

Өзгерісті қалаған қазақстандықтар осы жазда референдумға атсалысып, таңдау жасады. Маңғыстау облысынан 245 мыңнан астам адам қатысқан. Демек, биылғы жаз көптің есінде «Жаңа Қазақстан» деген сөзбен қалғаны анық.

Ақтауда үшінші рет кәсіби бокс кеші өтті. Жерлесіміз Бекзад Нұрдәулетов кәсіби бокстағы бесінші жеңісіне қол жеткізді. Ал маңғыстаулық балуан Нұрдаулет Жарылғапов «Қазақстан барысынан» күміс белбеу иегері атанды. Жерлестердің жеңісті сәттерін спортсүйер қауым оңайлықпен ұмыта қоймас.

Осы жазда Ақтауға UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов келді. Алғаш рет Ақтауда әлемдік спортшылардың қатысуымен «Naiza Sport Week» спорт апталығы өтті. Содан кейін жекпе-жектен «Naiza 41 & Eagle 48» біріккен турнирі ұйымдастырылды. Теңіз жағалауынан бос орын қалдырмаған кеш әлі талай жанның есінде болар.

Маңғыстауға Асанәлі Әшімов және шәкірттерінің келуі өнер мен мәдениетке жақын тұрғындардың есінде қалды деп ойлаймыз. Ал «Ninety one» тобының Ақтауға келуі жазғы естеліктерді толықтыруға себеп болды.

Сонымен қатар Шотан батыр ескерткішінің қала ортасынан бой көтеруі де осы жаздың жарқын сәттеріне тиесілі.

Еске түсірсек, жазда қалған жарқын сәттер көп. Соған сай қайғылы және төтенше оқиғалар да жиі болған. Бірақ жақсыға толы жылы естеліктерді жиюға тырыстық. Ал сіз үшін жаз несімен есте қалды?

Exit mobile version