Биыл өңірде жастарға арналған жеті жоба іске асады

Өңірде Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен 7 жоба жүзеге асады. Аймақтағы жастарға арналған жобалар төмендегідей:

«Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қоры «Student life» жобасын іске асырады. Жоба аясында «Студент көктемі – 2023» облыстық студенттер фестивалі және «Жыл студенті – 2023» облыстық студенттер байқауы өткізіледі. Бұдан бөлек жастар арасындағы өзекті мәселелер бойынша мониторинг жасалады. Студенттер арасындағы суицид, кибербуллингті азайту мақсатында ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Облыстағы студенттік клубтардың жұмысы таныстырылады, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріледі. Студенттердің ортақ қызығушылығын анықтау мақсатында облыстық деңгейде жәрмеңке өтеді.

«Aktown» шығармашылық бірлестігі жастарды қолдау және дамыту мақсатында комплекстік жоба «Жиналайық» шарасын ұйымдастырады. Бірлестік жетекшісі Нұрсұлтан Мұрзабектің айтуынша, мамыр айында 4 шағынаудандағы Байқау алаңында «Жиналайық» шарасы өтеді. Онда музыкалық топтар мен солистер өнер көрсететін. Ал бишілер маусым және шілде айларында 7 шағынауданның жағалауында өнер көрсетеді. Басты іс-шара тамыз айында өтеді, қатысушылар Ақтау жағажайындағы Амфитеатр алдында үлкен сахнаға шығады.

«JasART» жеке меншік мекемесі биыл да өңірдегі 14 – 35 жас аралығындағы ең талантты жастарды топтастырып, Жастар театрының қызметін ұйымдастырады. Жоба аясында актерлік шеберлігі сабағы және шешендік өнер шеберлігі, яғни сахна тілі сабағы жүргізіледі. Әуесқой актерлерге арнайы Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының кәсіби театр мамандары дәріс береді. Сондай-ақ өңірде әлеуметтік мәселерді шешу және жастардың шығармашылық қабілеттерін ашуға арналған 2 спектакль және 1 ертегі сахналанады.

«Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесі Маңғыстау облысы аумағында «Жастар керуені» әлеуметтік жобасын іске асырады. Әлеуметтік жобаның мақсаты – өңір жастары арасында қаржылық, құқықтық және діни сауаттылықтарды арттыру. Жастарға неке және отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында кешенді ақпараттық, ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыру.

Маңғыстауда «Жайдарман» ойындары қайта жанданады. Аталған жобаны «Боранқұл» командасы» ҚҚ іске асырады. Жоба аясында Жайдарман ойындарынан облыстық «Маусымашар – 2023» фестивалі, Маңғыстау облысының ашық чемпионаты, «StandUp Mangystau» жобасы, жайдарманшыларға арналған шеберлік сағаты және жас авторларға арналған арнайы оқыту шаралары ұйымдастырылады.

Ал «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі «Өңір жастарының көшбасшылық қабілетін дамыту және жас көшбасшылардың әлеуетін арттыру» атты әлеуметтік жобасын іске асыруды бастады. Осы орайда бірлестік облыс жастарының қатысуымен 7 көп компонентті оқыту өткізу, оқытудан өткен жастардың ішінде 20 жасты тренингтерге арналған тренер жаттықтырушысы етіп дайындайды. Сонымен қатар өңірде белсенді жастардан, жастар ұйымдарының жетекшілерінен, жас депутаттардан құралған жас көшбасшылар пулін құруды, пулдің жұмысын ұйымдастыруды жоспарлауда.

«Риза ана» қоғамдық қоры «Жүйелі және кешенді интеллектуалды ойындар арқылы заманауи ойын формалары мен әдістерін қолдана отырып, жастардың интеллектуалды дамуын ілгерілету»тақырыбында гранттық жобасын жүзеге асырады. Жоба аясында әртүрлі салада жұмыс істейтін жастарға «Quiz» ойыны ұйымдастырылады. Студенттерге арналған «Не? Қашан? Қайда?» ойыны өткізіледі. Жоба жетекшісі Бибігүл Рамазанованың айтуынша, жас көшбасшылардан құралған пікірталас клубын және оның жұмысын үйлестіре отырып жастардың ортасын қалыптастыру жоспарланып отыр. Жастар арасында тұрақты қазақша «Брейн ринг» зияткерлік ойындарының лигасы ұйымдастырып, клубы құрылады.

Айта кетейік, барлық жобаны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік гранты аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ іске асырады.

Exit mobile version