Биыл маңғыстаулық студенттер арасында стартап байқауы өтеді

Маңғыстауда студенттердің белсенділігін арттырып, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Student life» жобасы жалғасады. Биыл жоба аясында қандай шаралар өтеді, жобаның қандай ерекшелігі бар? Бұл туралы «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ көшбасшысы Мейірбек Амангелдиевпен сұхбаттастық. 

– Мейірбек, биыл «Student life» жобасында қандай жаңашылдық бар? 

– Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен биыл да «Student life» жобасы жалғасады. Бұл біз үшін де, студенттер үшін өте маңызды жоба. Себебі студенттердің басын біріктіріп, орта құруына, бос уақытын тиімді өткізуге, әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуына, жан-жақты болуына мүмкіндік береді. Биылғы жаңашылдық ретінде «Студенттік Startup – 2024» әлеуметтік идеялар байқауы ұйымдастырылады. Үздік атанған 5 жастың әрқайсына 200 000 теңге шағын грант беріледі. Осылайша, студенттердің әлеуметтік идеясын қолдап, оларды ынталандырғымыз келеді. Бұл жастардың өсуіне, ізденіс жолында нәтижеге қолжеткізуіне және қоғамға пайдалы болуына септігін тигізеді.

– Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жүйелендіру бағытында қандай жұмыстар атқарылады? 

– 2023 жылы «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қорының бастамасымен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысы жанданған еді. Көшбасшылары тағайындалып, бірнеше рет студенттік кеңес өткізілді. Аймақтағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мұқаш Оралбайдың қатысуымен кездесулер ұйымдастырылып, маңызды мәселелер талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Сондықтан биыл да студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділігін күшейту мақсатында бірқатар шараны жоспарлап отырмыз.

Қазір облыста 26 арнаулы-кәсіптік оқу орны бар, соған сәйкес студенттік ұйымдардың көшбасшыларын сайлау болады. Бірыңғай куәлік пен төсбелгі тағайындалады. Сонымен қатар жылына екі рет студенттер кеңесін ұйымдастыру жоспарда бар. Ал әлеуметтік желі, БАҚ көмегімен әрбір студенттік ұйымның жұмысы мен көшбасшыларын көпке таныстырамыз. Нәтижесінде облыс көлемінде жас көшбасшылардың есімі танылады, жасаған жұмысы мен бастамасына қолдау алады.

– Студенттік көктем жалғаса ма? 

– Әрине, «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ дәстүрлі түрде «Студенттік көктем – 2024» байқауын өткізеді. Жыл студенті анықталып, үздіктер сарапқа салынады. Байқау спорттық, мәдени, шығармашылық бағытты қамтиды. Нақтыласақ, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары арасында IQ зияткерлік ойыны, волейбол, футболдан турнир, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ал белсенді студенттерді ынталандыру мақсатында «Жыл студенті» байқауын өткіземіз. Байқау 10 аталым бойынша, яғни «Үздік ерікті», «Үлгерімі үздік студент», «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы», «Үздік ақын», «Үздік студенттік клуб», «Үздік белсенді студент», «Үздік өнерпаз», «Үздік спортшы», және «Үздік суретші», «Жыл студенті – 2024» анықталады.

– Студенттер сіздермен қалай байланыса алады, ұйымға қалай тіркелуге болады? 

– «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ студенттер үшін әрдайым ашық әрі жылы қабылдайды. Біздің ұйымға кез келген студент қосылады. Ол үшін ұйымның Instagram әлеуметтік желі парақшасына @Ask_aktau тіркеліп, бізге хабарлассаңыз жеткілікті. Сонымен қатар студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының төрағалары арқылы байланысуға мүмкіндік бар. Барлық жаңалық пен хабарландырулар парақшамызда жарияланады.

– Мейірбек Бауыржанұлы, рақмет. Жұмысыңызға сәттілік!

Exit mobile version