Бейнеудің театр ұжымы гран-при жеңіп алды

16 қыркүйек күні Ақтау қаласында өткен «Театрдың ғажайып әлемі» атты театр өнерінің облыстық фестивалінде Бейнеу ауданының театр ұжымы гран-при жеңіп алды.

Байқауға Бейнеу ауданының Бейнеу гимназиясынан «Шамшырақ» театр ұжымы қатысып, Мұқағали Мақатаевтың драма жанрындағы «Қош, Махаббат» қойылымын қойды.

Театр сайысына қатысқан командалардың ішінен бейнеулік топ үздік шығып, аталмыш байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Фестиваль-байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбиелеудің, тұлғаның үйлесімді дамуының факторы ретінде балалар мен жастар театр шығармашылығын дамыту, өзін-өзі көрсетуге, бейнелі түсіну сияқты бірегей қабілеттерді қалыптастыру.

– Фестивальдің облыстық кезеңінде барлық аудандар мен қалалардан 8 команда қатысты. Сайыс өте тартысты өтті. Әр ауданнан келген мықтылардың өнері бірінен-бірі өтті. Біздің топтың бабы да, бағы да қатар жанып, бас жүлдені жеңіп алдық. Қазылар алқасы әділ бағасын берді деп ойлаймын. Ендігі жерде Республикалық кезеңге дайындалатын боламыз, – деді театр жетекшісі Жанар Дәрменбаева.

Exit mobile version