Асылтас Аяп: Әр сынақта жақсылық жасырынған

«Арманға адалдық, сенім мен сезім өнер жолында өзімді табуға көмектесті». Мұны әнші, актриса Асылтас Аяп «TedX Mangystau» алаңында айтты. Шара барысында ол өнер жолына келуі, оның қиындығы мен қант диабеті ауруымен күресуі жөнінде сөз қозғады.

Оның айтуынша, өмірде ата-ананың қолдауы әрдайым қажет. Олар саған сенім артатын болса, кез келген шыңға шығып, белесті бағындырасын.

«Ерте жасымда анамнан айырылдым. Бірақ анам айтқан әрбір сөз есімде. Әсіресе, «Қандай жағдай болмасын, қай жерде жүрсең де қарапайым бол! Адамгершілігіңді сақта! Мен сенің әнші болатыныңа сенемін» деген сөзі әлі күнге дейін жігерлендіреді. Еңбек етуге құштарландырады. Жетістік оңайлықпен келмейді, қаншама еңбек пен тер төгесін. Егер бәрі оңай болса, оның құны мен сыйы қалмайтын сияқты», – дейді Асылтас Аяп.

Өнерді түсініп, оны көпке жеткізу үшін үлкен сезім керек. Сезімсіз айтылған сөз бен саз – бос дүние.

«Екі жыл бұрын қант диабеті ауруына шалдықтым. Бұл мен үшін өте ауыр болды, өнерімді ұмытып, күнімді жиі ауруханада өткізуге тура келді. Бірақ, бұл сынақтың бәрі бекер емес екенін түсіндім. Егер сенің өміріңде қиын сәттер болса, сынба, үмітті үзбе. Себебі, әр нәрсенің өз жақсылығы бар. Өзіңізге сеніңіз, шынайы болыңыз. Айналада айтылып жатқан сөздерге мән бермей, жүрек қалауыңызға жетіңіз», – деді Асылтас Аяп.

Шара соңында ол әдемі әнін орындап, жиналған жастардың көңілін көтерді. Өзі және облыстық жастар ресурстық орталығы дайындаған сыйлықтарды табыстады.

Жұлдызай Қалиева

 

Exit mobile version