Ар мен адалдық: жастарға айтылған аманат

Маңғыстау облысында жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды шара өтті. Облыстық жастар ресурстық орталығының қолға алуымен «Аталы сөз – адалдыққа жол сілтер» тақырыбында еркін форматтағы тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты қонағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, ҚР Заң академиясының академигі, полиция полковнигі Оңайбек Нұрасылұлы Әбділов болды. Кездесу барысында спикер жастармен ашық пікір алмасып, қазіргі қоғамдағы «Адал азамат» ұғымының мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, адалдық — тек жеке қасиет қана емес, ол қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі тірегі.

Оңайбек Нұрасылұлы өз өмір жолынан тағылымды мысалдар келтіріп, адал еңбек пен табандылықтың арқасында жеткен жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, ол адалдық жолында кездесетін қиындықтарды жасырмай, керісінше сол кедергілердің адамды шыңдай түсетінін ерекше атап өтті. Спикердің өмірлік тәжірибесі жастарға үлкен ой салды.

Кездесу барысында еңбекқорлық, тәртіп, ұлттық тәрбие мәселелері де кеңінен қозғалды. Ғалым жастарды ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, ата-баба аманатына адал болуға шақырды. Оның пікірінше, ұлттық тәрбие мен адал еңбек ұштасқанда ғана саналы, жауапты азамат қалыптасады.

Еркін форматта өткен жиында жастар да белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ашық диалог алаңы пікір алмасуға кең мүмкіндік беріп, қатысушылардың ой-өрісін кеңейте түсті.

Кездесу соңында Оңайбек Нұрасылұлы жастарға ақ батасын беріп, өмірлік жолдарын дұрыс таңдауға, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге тілектестігін білдірді.

Аталған шара — жастардың рухани дамуына серпін беріп, адалдық пен адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Exit mobile version