Ақтаулық оқушылар зағип жандар үшін жаңа көзілдірік ойлап тапты

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрлыбек Оңдаған мен Мырзаәлі Асанов зағиптар қоғамы үшін жаңа көзілдірік ойлап тапты.

«DolphEYE» деп аталатын көзілдірік зағип жандардың күнделікті өмірінде туындайтын қолайсыздықтардың алдын алады. Яғни, зағип жанның А нүктесінен Б нүктесіне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.

– Ғылыми зерттеудің басты мақсаты – қазіргі таңдағы қоғам мәселелерінің алдын алу және шешім табу. Былтыр жобам қоғамдағы «кішкентай адамдар» жайында болса, кезекті жобам зағип жандардың күнделікті өмірдегі қолайсыздығының алдын алуға бағытталды. Жетекшіміз Ибалы Талғатқызының қолдауымен жүзеге асқан «DolphEYE» көзілдірігі, әлемнің зағип жандар қоғамына үлкен көмегін тигізеді деген сенімдемін,- дейді жоба авторы Нұрлыбек Оңдаған

Ал жоба авторы Мырзаәлі Асановтың айтуынша, зағип жандарды қоғамнан алыстатып алмау, олардың комплекс мәселесіне бейжай қарамай, қоғамда қолайлы өмір сүруіне мүмкіндіктер жасау.

– «DolphEYE» зағип жандардың «комплекс» мәселесін шешуге арналған. Бұл шешімге жету мақсатында Нұрлыбек екеуміз Arduino Nano платосымен қатар арнайы қосымшаларды қолдандық. Arduino Nano платосы кедергі жайлы ақпаратты жеткізе алады, – Мырзаәлі Асанов.

Аталмыш жоба Астана қаласында өткен Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндерден желілік ғылыми жобалар байқауында үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді.

Exit mobile version