Ақтауда 12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай «Жиналайық» концерті өтті.
Концертте 17 талантты жас алғаш рет үлкен сахнаға шығып, дебюттік авторлық әндерінің тұсауын кесті.
Сонымен қатар шараның бас хэдлайнерлері ретінде Алматы қаласынан танымал әртістер TASPAYмен HEY MONRO келді. Жастар арасында танымал, заманауи әндерін орындап, көршілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Оған қоса жас өнерпаздар танымал жұлдыздармен бірге бір сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Кеште өнер көрсеткен талантты жастың бірі – Нұрсұлтан, лақап аты – Quraq oyu. Жаңаөзеннің тумасы, жақында ғана 11-сыныпты аяқтаған.
«Кішкентайымнан музыканы қатты жақсы көремін. Бірақ толыққанды музыкамен айналысатын мүмкіндігім болмады. AKTOWN-ның өнерпаздарға арналған кастинг жариялағанын көріп, бірден өтінім тастадым және кастингтен өттім. Мамыр айынан бастап көпшілік алдында өнер көрсеттім. Содан кейін үлкен сахнаға шығуға деген ұмтылысым арта түсті. 12 тамыз күні үлкен сахнада өнер көрсеткенде қатты қорқынышты болды. Бірақ көрермендердің ыстық ықыласы арқасында қорқынышымды жеңе алдым. Жиналайық – арманыма жетуге көмектескенің үшін көп-көп рақмет», – дейді Нұрсұлтан.
Концертке 2000 астам көрермен жиналды.
– «Жиналайық» – жастарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын жоба.
Осы уақытқа дейін жүздеген жас ашық алаңда еркіндік сезініп, корқынышын жеңіп, өнер көрсетті. Шараның да басты мақсаты сол – өңірдегі жас таланттыларды анықтау, дамыту және қолдау. Тіпті, көрермендердің айтуынша, жоба әрі қарай дамуға мотивация беретін және жаңа достар табатын алаңға айналған, – дейді «Aktownx» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Нұрсұлтан Мырзабек.
Айта кетейік, «Жиналайық» жобасын 25 жастан құралған «AKTOWN» шығармашылық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» және “Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы” қолдауымен ұйымдастырды.