Ақтауда «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауы өтті

Бүгін Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жұмысшы жас мамандар арасында «Жігіт сұлтаны – 2023» облыстық байқауы өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – жұмысшы жастардың белсенділігін арттыру, тұлғалық, шығармашылық дағдысын қалыптастырып, есімін көпке таныту. Сол арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтар мен жігітке тән қасиеттерді дәріптеу.

Кіл жүйрік сынға түскен байқау 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы «Tanylike» кезеңінде қатысушылар өзін таныстырды. «Talentime» кезеңінде жігіттер ән айтса, енді бірі актерлік шеберлігін көрсетіп, монолог оқыды. Үшінші кезеңде қатысушылар білімін сынға салды. Ал төртінші кезеңде білектің күшіне сеніп, Гір тасын көтерді.

Байқауда Мұрат Өскінбаев атындағы филармония әншісі, мәдениет саласының үздігі Сәбит Шектібаев, «Ақтау қалалық мәслихат депутаты», «Маңғыстау медиа» холдингінің директоры Гүлмира Әбішева, Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Абылай Фазылбек және блогер, шоумен Әлқуат Насухаұлы, Н. Жантөрин атындағы драма театрның режиссеры және «JAS ART» жеке меншік мекемесінің басшысы Алия Исаева, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, М.Өскінбаев атындағы филармония әншісі Ақмарал Арғынқызы, самбодан халықаралық дәрежедегі төреші, Маңғыстау облысының жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Айбек Жанболатұлы төрелік етті.

Әділ қазылар алқасының шешімімен Маңғыстау облыстық полиция департаменті, ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Әділбек Сырғалиев 1-орын алды. 2-орынға Жайсаң бала № 2 мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бекнұр Аминов ие болды. 3-орын «ҚР ТЖМ Маңғыстау облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ (Ақтау қ.)» ММ Бейнеу ауданы № 6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Бақытжан Елубай қанжығасына байлады.

Жеңімпаздарға арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Exit mobile version