Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы жұмыссыз жастар арасында графикалық дизайн курсын ұйымдастырды. Жаңа мамандыққа баулу сабағына өңір бойынша 30 адам қатысып, шеберліктерін шыңдады.
Кәсіп үйрену сабағына қатысатын жастарды іріктеу барысында жүздеген өтінім қабылданды. Шарт бойынша олардың арасынан тек декреттік демалыстағы аналар мен жұмыссыз жастар, көп балалы отбасының балалары қамтылды.
«Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мамандыққа баулу курстары ұйымдастырылуда. Бұған дейін біздің орталық мобилография бойынша курс өткізген болатын. Бұл жолы графикалық дизайн сабағы өтіп, оған өңірдің жұмыссыз жастарымен бірге декретте отырған аналар да қатысты. Бұл шараның маңызы ерекше. Заман талабына сай олар енді өздері меңгерген сала бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алады», – деді Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова.