Ақтауда жас суретшілер байқауы өтті

Маңғыстау облысының жас суретшілері «Бояулар сыры» байқауында бақ сынады.

Алдымен суретшілердің үй тапсырмасы, яғни «Маңғаз Маңғыстауым» тақырыбында салған туындысы көп ұсынылды. Содан кейін қылқалам шеберлері бір жарым сағатта «Жастар ұлы көште ту ұстар» тақырыбы бойынша сурет салды.
Жас суретшілерді Н. Жантөрин театрының бас суретшісі Талғат Мамаев, Маңғыстау облысының суретші дизайнері Даурен Аралбаев және «Ақтау» студенттер альянсы студенттер ұйымының өкілі Парасат Серікұлы бағалады.

Майлы бояу арқылы бүгінгі жастардың патриоттық бедерін ақ қағазға сыйдырған Нұрсұлтан Қуанышұлы 1-орынды иеленді. 2-орынды Бейнеуден келген Айгүл Курамисова қанжығаға байласа, жүлделі 3-орынды Камшат Нұрсұлтан алды.

Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар «Жылдың үздік студенті» байқауына жолдама алып, алғыс хатпен марапатталды.
Шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер альянсы» ұйымдастырды.

Exit mobile version