Ақтауда жас мұғалімдерге арналған форум өтті

Ақтауда химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында форум өтті.

4 қараша күні өткен жас педагогтерге арналған форумды Маңғыстау облысының білім басқармасы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы Ақтау қаласындағы филиалының және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» бірлесіп ұйымдастырды.

Шараға облыс мектептерінен 130 жас маман, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, оқу-әдістемелік орталықтарының әдіскерлері қатысты. Мұғалімдердің табысқа жетуіне қадамдар жасалды.

Форумға өлкемізге, елімізге танымал спикерлер Әділбек Ниязымбетов, Бақтыбай Жайлау, Еркебұлан Бекен қатысып, сөз сөйледі. Ашық сұхбат болып, сұрақ-жауап алмасты.

Сонымен қатар, оқу процесіне қатысты сұрақтарды талдауға арналған тақырыптық алаңдар мен жас мамандардың шебер-сыныптары өтті.

– Шараның жас мамандарды шыңдауға, мотивациялауға, өзара пікір-тәжірибе бөлісуге, командалық жұмыс пен шешім қабылдауға, көшбасшылыққа жетелеуге әсері болды деп ойлаймын, дейді облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.

Exit mobile version