Ақтауда «Жас геолог» облыстық жарысы өтті

3-4 қараша күні «Балдаурен» демалыс базасында ашық далалық «Жас геолог» облыстық жарысы өтті. Жарыстың мақсаты – оқушыларға туған өлкенің табиғаты мен минералдық қазба байлықтарын таныту, географиялық және геологиялық білім-танымдарын және зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру.

Облыстық жарысқа аудандық, қалалық білім беру ұйымдарынан 48 білім алушы қатысты. Ережеге сәйкес қатысушылар жарыстың бірінші күні «Іздеу зерттеу жұмыстары» және «Зерттеу жұмыстарының көрмесі» номинацияларында Маңғыстау өлкесінің тарихи-мәдени нысандарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, табылған материалдар мен бұйымдардың көрмесімен таныстырды.

Сонымен қатар, «Минералогия», «Геоэрудит» номинацияларында геологиялық, географиялық сұрақтарға жауап бере отырып, экрандағы ұяшықтарға жасырылған минералдарды тауып, толық сипаттады. «Палеонтология», «Геоәліппе» номинацияларында палеонтологиялық терминдердің анықтамасын келтіріп, Қазақстанның география, геология саласында ерекше із қалдырған ғалымдар туралы сұрақтарға жауап берді.

Жарыстың екінші күні практикалық бағытта ұйымдастырылып, «Далалық тұрақ» номинациясында туристік шатырларды жылдам, әрі дұрыс құру, сондай-ақ, алау жағу және оның ерекшеліктері мен айырмашылықтары көрсетілді. «Қауіпсіздік техникасының негіздері» номинациясында оқыс жағдайлар кезіндегі алғашқы медициналық көмек дағдыларын орындап, түрлі ситуациялық сұрақтарға жауап берді. «Гидрология» номинациясында жасанды су каналының тереңдігін, енін, ағысын, су шығынын өлшеу құралының көмегімен есептеу арқылы гидрологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қатысушылардың теориялық және практикалық білімдері зерделеніп, нәтижесінде I орынды – Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT лицейінің «Uranium» тобы алды. II орынды – Бейнеу ауданындағы М. Бегенов атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Сапфир» тобы және Маңғыстау ауданындағы М.Атымов, Е. Айшуақұлы, Шетпе гимназиясы мектептерінен құралған «Биіктік» тобына бұйырды.

III орынды – Мұнайлы ауданындағы №10 жалпы білім беретін мектебінің «Geolife» тобы мен Жаңаөзен қаласы, №15 жалпы білім беретін мектебінің «Өнере» тобы иеленді.

Сонымен қатар, көрсеткен жеке жетістіктері үшін Ақтау қаласы, мамандандырылған IT мектеп лицейінің 9-10 сынып оқушылары Анеля Хамитова, Аяна Бекетова, Бахтияр Чигреев, Ернур Габдуллинге білім басқармасының дипломы табысталды.

Сондай-ақ, бұл марапатты Жаңаөзен қаласы, №15 жалпы білім беретін мектебінің 8-10 сынып оқушылары Аружан Метербай, Дариға Бердібек, Ұлдай Джарылгапова, Томирис Қоңырбай сонымен қатар, Бейнеу ауданы, М. Бегенов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушылары Аяулым Ғалым, Ақторғын Мендикулова алды.

Маңғыстау ауданы, М.Атымов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Ақниет Ноғай, Шетпе гимназиясының 9-10 сынып оқушылары Нұрасыл Қуан, Ақнұр Қайыржанқызы, Әли Тоқсанбекұлы мен Е.Айшуақұлы атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Айжанат Жәнібекқызы да бұл марапатты алды.

Мұнайлы ауданы, №10 жалпы білім беретін мектебінің 8-10 сынып оқушылары Назерке Бақыт, Асемай Табынбаева, Ақылбек Сарсенбаев, Азамат Бисенбаев, Гулдана Жумамуратова және Түпқараған ауданы, Ғ. Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушылары Мадина Төлесін, Бауыржан Жаманғара білім басқармасының дипломдарымен марапатталды.

Айта кетейік, байқау білім басқармасының іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Exit mobile version