Ақтауда жас ақындар айтысында топ жарған оқушылар республикалық сында бақ сынайды

Ақтауда «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық жас ақындар айтысының облыстық кезеңі аяқталды. Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттау, ақындық қабілетін айқындап, табиғи дарынын дамыту, суырыпсалма айтыс өнерін жандандыруға бағытталған ұлттық сөз өнерінің сайысы тақырыптық және қайым айтыс номинациясы бойынша өтті.

Рухани шараға 5 ақын қатысып, өзара бақ сынаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде Ақтау қаласындағы «Дарын» облыстық мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Байжігіт Бейбіт пен Қарақия аудандық №3 жалпы білім беретін мектептің 10 – сынып оқушысы Сәрсен Әли өзара бөлісті.

Ал І орынды Жаңаөзен қаласындағы № 7 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Базылбек Серікбол иеленді. Жүлделі ІІ орын Мұнайлы ауданындағы № 11 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Атамурадов Айшуаққа бұйырды. ІІІ орынды Ақтаудағы № 8 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Борис Зәмзәм қанжығасына байлады. Оқушылар аламанында жүлдегерлер атанған үздіктер Маңғыстау облысы білім басқармасының дипломдарымен марапатталды.

Exit mobile version