Ақтауда жайдарман ойындарының жартылай финалы өтті

жайдарман

23 қазан күні «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Боранқұл» командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жайдарман ойындарынан Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының «Жоғары лига» сайыстары бойынша 1/2 жартылай финалдық бәсекесі өтті.

Сайысқа бағы мен бабы қатар шапқан өңірдің үздік 8 командасы қатысты. Командалар жекпе-жек форматында өзара 4 жұпқа бөлініп, өнер көрсетті. Алғашқы боп ақтаулық жас топ «Инсайд» пен түпқарағандық тәжірибелі «Ақкетік құрамасы» бәсекеге түсті. Нәтижесінде «Ақкетік құрамасы» қазылар алқасының шешімімен 3:2 есебімен басым түсті.

Келесі боп жаңаөзендік қос топ «FTC win» және «Асекеңнің қыздары» өзара мықтыны анықтады. Таласқа түскен тартысты бәсекеде «Асекеңнің қыздары» жеңіске жетті. Есеп – 3:2.

Үшінші жұп ақтаулық «YUstaz» және жаңаөзендік «Теңге құрамасы». Бұл жұпта айқын басымдылықпен «Теңге құрамасы» басым түсті. Ал төртінші жұптың, яғни «Не хабар» мен «Гимназия жастары» командасының ойыны келген көрермендер үшін қызықты болды. Нәтижесінде достық ойын болып, «Не хабар» командасы 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, аталған ойын Республика күніне орай ұйымдастырылды.

Exit mobile version