Ақтауда волейболдан үздік қыздар командасы анықталды

Ақтаудағы «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде қыздар арасында волейболдан турнир өтті. Турнирге облыстың барлық оқу орнынан келген 11 команда қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков, «Ақтау студенттер альянсы» ҚБ атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова қатысып, сәттілік тіледі.

Ойын тартысты өтті. Қатысушыларға облыстағы білікті төрешілер баға берді. Нәтижесінде Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі 1-орын алып, үздік атанды. 2-орынды «Каспий» жоғары педагогика және салалық технологиялар колледжі иелендіқ. Ал 3-орынды Бейнеу гуманитарлық экономикалық колледжі қанжығаға байлады.

– Аталған жарыста білікті төрешілерді шақыртып, спорт кешенімен қамтамасыз еткен Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына алғыс айтамын. Студенттер арасында өтіп жатқан жарыстар «Жылдың үздік студенті» жобасы аясында «Үздік спорттық оқу орнын» анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Осы ретте жеңіс тұғырынан көрінген жастарды құттықтаймын. Алдағы уақытта студенттерге арналған жобалар өз жалғасын табады, – деді «Ақтау студенттер Альянсы» ҚБ атқарушы директоры Гүлмира Бархандинова.

Айта кетейік, турнир Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Ақтау студенттер Альянсы» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.

Exit mobile version