Ақтауда студент жастармен қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды

Ақтауда Достық үйі ғимаратында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен білім басқармаларының ұйымдастыруымен ZHASTAR TALKS TED-X атты кездесу өтті.

Аталған басқосуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова арнайы қатысып, жастар тақырыбында пікір білдірді. Бұдан бөлек, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай, Маңғыстау ауданы, Оңды ауылының әкімі Қуаныш Жәнібекұлы, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов, «Қазақстан барысы» турнирінің 3 дүркін жүлдегері Нұрдәулет Жарылғапов, Ш.Есенов колледжінің студенті Шалқар Ақмолдаев, ІТ маман Серік Серікбаев қатысып, түрлі тақырып төңірігенді әңгіме өрбітті.

Мәселен, Аят Сүгірбай жастық шақты бекер өткізбей, уақытты тиімді пайдаланудың жолдарымен бөлісті. Ал Мәди Тоқанов болса, есірткіні тұтынудың зардабына қатысты маман ретінде ойын жеткізді. Осы арқылы ол жастарды жаман әдеттен аулақ болып, салауатты өмір салтын насихаттауды алға тартты.

Белгілі ауыр атлет Шалқар Ақмолдаев спорт жолындағы қиын жолдарды баяндады. Ал қазақ күресінен айтулы аламандарда оза шауып, олжа салып жүрген маңғыстаулық айтулы балуан Нұрдәулет Жарылғапов бозкілемдегі тағдыр туралы тағылымды дүниелерімен бөлісті.

Маңғыстау облысының студент жастары бұл кездесуде өнегелі өмір иелерін көріп, олардың тұщымды әңгімесін тыңдап, көкейдегі сауалдарын жолдады. Сондай-ақ, студенттер тарапынан мұндай есте қалар маңызды басқосуларды жиі ұйымдастыру туралы ұсыныс айтылды.

Exit mobile version