Ақтауда SMM және мобилография бойынша форум өтті

Ақтауда «Travel Fest» жобасы аясында өңірдегі айтулы оқиғалардың біріне айналған SMM және мобилография форумы өтті.

Мамандар қазіргі таңда туризмді ілгерілетуде әлеуметтік медиа маркетинг пен мобилография маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мәселен, таңғажайып табиғатымен тамсандырған Маңғыстау соңғы жылдары әлеуметтік желілерде өте танымал орындардың біріне айналған. Мұнда тек бейнеклиптер ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерге арналған видеороликтер де түсіріледі.

Әлеуметтік медиа маркетинг бойынша жергілікті тұрғындардың әлеуетін дамыту үшін арнайы форумға Бақытжан Егдырбаев, Гаухар Шахатова, Ерболат Жидебай, Фариза Ғабиден, Қайрат Хасанов, Азамат Асқаров, Ғафу Аңшыбай сияқты SMM саласының тәжірибелі мамандары шақырылды.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Аманбаев заманауи ғаламда әрбір адам тек желі пайдаланушысы ғана емес, контентмейкер ретінде де әрекет ететінін де ерекше атап өтті.
-Қазіргі заманғы туризм маркетингінің трендтері жергілікті контентті, ең алдымен UGC аталатын, яғни, пайдаланушылардың өздері шығаратын контентті дамыту қажет. Ал біз ұлттық компания ретінде туризмді дамытуға мүдделіміз, – деді Талғат Аманбаев.

Іс-шарада мамандар әлеуметтік медиа маркетинг негіздері және оның даму қарқыны туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, спикерлер SMM негіздерін түсіндіріп және өздерінің лайфхактарымен бөлісті. Форум соңында қатысушылардың парақшаларына талдау жасап, кеңестерін берді.

-Бұл іс-шара менің есімде барлығына қолжетімді болған Ақтаудағы алғашқы форум. Спикерлердің тізімі маған қатты ұнады. Ал мені ең таңқалдырғаны Қайрат Хасанов пен оның ұзақ мерзімді сату туралы тезистері туралы болды. Осындай шаралар болашақта тағы да өткізіледі деген үміттемін. Себебі ол бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр, – деп бөлісті форумға қатысушы Рысгүл Рамазан.

Exit mobile version