Ақтауда Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылды

Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Ақтауға келіп, Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен және Қазақстан-Неміс университетінің бірлескен бастамасымен Ақтау қаласында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылды. Салтанатты рәсімде жаңа институт ғимараты бой көтеретін орынға ескерткіш капсуланы Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов салды. Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан-Неміс университетінің президенті Волрад Роммель мен Yessenov University президенті Берік Ахметов рәсімге қатысты.

Неміс университеттер консорциумы аясында ашылған жаңа институт Маңғыстау өңірінде техникалық өнеркәсіптің әртүрлі салаларында жұмыс істейтін мамандарды дайындауға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

«Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтын құру Маңғыстауда энергетика, логистика, мұнай-химия, экология, ақпараттық технологияларды дамыту және өңірдің инфрақұрылымын жақсарту үшін кадрлар даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жоба Маңғыстау жастарына жаңа мамандықтарды игеруге және заманауи индустрия талаптарына сәйкес сапалы білім алуға жол ашады. Германия мен Қазақстан арасындағы серіктестік оларға экономикалық тиімді, әлеуметтік әділ және экологиялық тұрақты жүйелерді құру үшін тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндікке жол бастайды», – деді Ә.Смайылов.

Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтын құру қарсаңында Берлин техникалық университеті, Вильдау техникалық университеті, Гамбург техникалық университеті, Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті және Дармштадт техникалық университеті сияқты Германияның жетекші жоғары оқу орындарымен 8 бакалавриат және 6 магистратура бойынша қос диплом мен үш дипломды білім бағдарламаларын іске асыруды жоспарлап отыр.

«Кеше Ақордада Қазақстан-Неміс университеті (DKU) мен Есенов университеті (YU) басшылары болып, Ақтау қаласында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтын құру туралы қорытынды құжатқа қол қойдық.
Содан соң Астанада өткен Қазақстан мен Германия университеттері ректорларының симпозиумында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасастық. Оның ішінде Берлин техникалық университеті, Қазақстан-Неміс университеті және Есенов университеті арасындағы келісімге қол қойылса, екі диплом алу жөнінде Вильдау техникалық университеті, Қазақстан-Неміс университеті және Есенов университеті арасында келісім жасалды. Сондай-ақ, Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті, Қазақстан-Неміс университеті, Есенов университеті арасындағы келісімге қол қойдық», – деді Yessenov University президенті Берік Ахметов.

Салтанатты рәсімнен кейін Yessenov University президенті Б.Ахметов Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының құрылыс жобасын және университет базасындағы қазіргі оқу аудиторияларын таныстырып, ГФР Президенті университет қабырғасында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтына құжат тапсырған талапкерлермен және институт оқытушыларымен арнайы кездесті.

Exit mobile version