Ақтауда «Қазақ» газетінің тұсаукесері өтті

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қазақ» газетінің тұсаукесері өтті.

«Қазақ» газеті негізінен бес айдардан тұрады: мәдениет, әдебиет, білім-ғылым, еңбек-кәсіп, табиғат-экология. «Мәдениет» айдарына ескі мәдениеттен танымды арттыру үшін және қазіргі заманғы мәдениеттің қолданысын, «Әдебиет» айдарында бұрынғы әдебиет пен қазіргі заман әдебиетін, «Ғылым мен білім» айдарында заманауи білім жетістіктері жас қазақтардың ғылымға үлесін, талабын көрсетсе, «Еңбек пен кәсіп» айдарында заманауи кәсіп түрлерін еңбек адамдарын үлгі етеді. Ал газеттің соңғы айдарын газет авторлары «Табиғат пен экология» деп алған.

Газеттің негізгі мақсаты – қазақты әлемге таныту. Сондықтан «Қазақ» газеті екі тілде (қазақша-ағылшынша) шығады.

– Газеттің соңғы айдарын табиғатқа арнаған себебіміз, қазіргі заманда экология жаһандық мәселе. Оны шешу үшін табиғатты таза ұстап, қоршаған ортаны қорғап, әрекет ету керек. Ағылшын тіліне аударуымыздың себебі, шет елде оқитын студенттер, мектеп түлектері арқылы оқырман санын арттырып қана қоймай, қазақты әлемге таныту,- дейді газеттің редакторы Нұрғасыр Төребаев

– Бұл идеяны оқушыларым 11-сынып оқушысы Нұрғасыр Төребаев мен 10-сынып оқушысы Наргиз Жалғас арқылы және әріптесім, ағылшын пәні мұғалімі – Алтын Келімбердиевамен іске асырып жатырмыз. Оқушылар ақпаратты өздері сұрыптап, өздері аударма жасап, өздері редактор қызметін атқарып отыр,- дейді қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айгүл Айтан.

Exit mobile version