Ақтауда оқушылар зияткерлік ойынға қатысты

Ақтауда «Бағыттайық» жобасы аясында маңғыстаулық оқушылар арасында зияткерлік ойын өтті. Ойынға облыстағы 10 жалпы орта білім беру ұйымының 10 – 11-сынып оқушылары қатысты.

Білім сарапқа салынатын сында оқушылар тапқырлығы мен шапшаңдығы арқылы сұрақтарға жауап берді. Бір команда қалыс қалса, енді бір топ ұтқырлығымен оза шапты. Нәтижесінде 3-орынды Мұнайлы аудандық «Grant High School-lyceum» мектебінің фономендері иеленді. Жүлделі 2-орынды №20 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушыларынан құралған «Әуезов жұлдыздары» командасы алды. Ал 1-орынды Фариза Оңғарсынова атындағы №29 мектеп-гимназиясының «Бәйтерек» тобы еншіледі.

Шара барысында “Каспий дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Назира Телбаева қатысушыларды мараппаттап, білім бәйгесінде тартысты ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларға алғысын айтты.

Айта кетейік, шараны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысы білім басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен ұйымдастырды.

Exit mobile version