Ақтауда өнерлі жастарды танытатын «Жиналайық» шарасы өтеді

Ақтауда талантты жастардың басын қосатын «Жиналайық» шарасы биыл да жалғасады. Жаздың алғашқы көңілді кеші 26 маусым күні Амфитеатр алаңында өтеді.

2022 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жобаның мақсаты – өңірдегі талантты, өнерлі жастарды анықтау. Жаңа жұлдыздардың есімін көпке таныту. Сондықтан да жоба ұйымдастырушылары алдын ала облыста іріктеу өткізеді. Осылайша, 14-35 жас аралығындағы талантты жастарды үлкен сахнада өнер көрсетуге дайындайды.

«Жиналайық» арқылы танылған жастың бірі – жаңаөзендік Ислам Ізғалиев. Ол өзінің «ОIY» атты лақап атымен жастар арасында танымал. Тіпті, өзінің авторлық әндері де бар.

«Сегіз жылдан бері шығармашылықпен айналысамын. Ақтау қаласына көшіп келгелі шығармашылығым да дами түсті, қазір бірнеше авторлық әнім бар. Тыңдарман кез келген музыкалық платформадан таба алады. Көбінесе шабытты қоғамдағы өзгерістер мен оқиғалардан аламын. Есімде жатталған, ерекше әсер еткен сәттер мен құбылыстарды қағаз бетіне сөзбен суреттеп, түсіремін. Содан кейін инструменталын жасап, өңдеп, жарыққа шығарамын. Жалпы мен үшін «Жиналайық» шын талантты танытушы, бойында өнері барды қолдаушы, шабыт сыйлаушы орта. Осы жобының нәтижесінде өңірдегі өнерлі жастардың көп екенін және тұрғындар шығармашылықты сүйетінін түсіндім», – деді әнші Ислам Ізғалиев.

Ислам Ізғалиевтің ендігі мақсаты – Ақтау қаласының талантты жастарын Қазақстанның музыка нарығына шығару.

«Осы уақытқа дейін жоба аясында 100-ден астам жас сахнада өнер көрсетіп, біліктілігі мен қабілетін арттырды. Екі жыл ішінде 10-нан астам кіші шара және 2 «Open air» форматында Қазақстан эстрада әншілерінің қатысуымен концерт өтті. Биыл тек Ақтауда ғана емес, Жаңаөзен қаласында да өнерлі орта құруды, жиі концерттік шара өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді «AktownX» қоғамдық қорының негізін қалаушы Нұрсұлтан Мұрзабек.

Еске салайық, «Жиналайық» жобасы «AktownX» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» және Маңғыстау облысының жастар басқармасының қолдауымен өткізіледі.

Exit mobile version