Ақтауда облыстық студенттік фестиваль өтеді

Ақтауда «Студент көктемі – 2023» облыстық студенттік фестивалі өтеді. Фестивальді «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қоры Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесе өткізеді. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында қор белсендісі Парасат Серік мәлімдеді, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты.

Шараның негізгі мақсаты – студент жастардың әлеуметтік әлеуетін арттыру және студенттік өмірге белсене араласатын жастарды, студентерді, студенттік топтарды анықтау. Сонымен қатар жастарды дене шынықтыру және спортпен жаппай жүйелі түрде шұғылдануға жұмылдыру. Байқау жоғарғы және кәсіптік-техникалық оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер арасында өткізіледі.

Парасат Серіктің айтуынша, фестиваль екі бағыт бойынша ұйымдастырылады. Алғашқы бағыты – музыкалық қойылым, мұнда студенттер вокал, хореография, музыкалық аспаптар бойынша сынға түседі. Ал екінші бағыт спорттық ойындарға арналады. Яғни, ұлдар арасында шағын футбол, баскетбол, үстел теннисі, ал қыздар арасында волейбол ұйымдастырылады. Барлық спорттық жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Сондай-ақ үстел теннисіне футбол, волейбол, баскетбол ойынынан жеңімпаз және жүлдегер атанған команда қатысады.

Музыкалық қойылым бағытындағы шаралар 17 мамыр күні сағат 10:00-де Жастар орталығында өтеді. Ал спорттық турнирді 15 – 18 мамыр аралығында сағат 10.00-де өткізу жоспарланып отыр.

«Фестивальде жүзден жүйрік шыққан қатысушылар мен командалар «Студенттік көктем – 2023» облыстық студенттік фестивалінің гала концертінде марапатталады. Спорттық турнирде (футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі) бірінші, екінші және үшінші орын алған құрама командаларға кубок және диплом табысталады. Жалпы барлық спорт түрлерінен жоғары ұпай жинап, «Үздік спорттық оқу орын» номинациясын иеленген 1-орын иегеріне 150 000 теңге сертификаты, 2-орынға 100 000 теңге сертификаты, 3-орын иегеріне 50 000 теңге сертификаты беріледі.
Сонымен қатар музыкалық қойылым байқауында көш бастап, 1-орын иегері атанған студентке 150 000 теңге сертификаты табысталады. 2-орын алған қатысушы 100 000 теңге сертификатын, 3-орын алған қатысушы 50 000 теңге сертификатын иеленеді», – деді «Ақтау студенттерінің Альянсы» КҚ белсендісі Парасат Серік.

Exit mobile version