Ақтауда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күз мерекесі өтті

Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен қаладағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен мүгедек балаларға арналған күз мерекесі өтті. Оған 1,5 – 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты.

Мерекеліс іс-шарада балалар өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, би биледі.

-Бізде балалардың жастары да, олардың ерекшеліктері де әртүрлі. Жанына жақын тартқан, жылы жүзді адамдарға балалар қашан да ашық. Мұнда тірек-қимыл аппараты және психоневрологиялық ақауы бар 160 бала тәрбиеленеді. Олар денсаулығына байланысты арнайы балабақша, мектепке бара алмайды. Балақайлардың көңілін көтеру үшін осы шараны ұйымдастырдық. Басты мақсатымыз – балалардың көңіл күйін көтеру,-деді Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Дәметкен Сеитова.

Балалар бос уақытында қоғамға бейімделіп, қоршаған ортамен танысу үшін осында келеді. Оларға арнайы кесте жасақталған. Сонымен қоса балаларға арнайы монтессори, тігін бөлмесі, табиғат бұрышы, ойын бөлмесі, спорттық тренажерлық бөлме және психологиялық жай-күй қалыптастыру бөлмесі жасалған.

Exit mobile version