Ақтауда “Мергендер мекені” байқауының іріктеуі өтті

Фото авторы: Аңсат Рахимов

Ақтауда 3-4 шілде күні республикалық “Мергендер мекені” байқауының іріктеу кезеңі өтті. Іріктеуге Ақтау, Атырау, Орал қалаларынан келген 200-ге жуық мерген бақ сынады.

Жобаның продюсері Тоғжан Құрманжанқызының айтуынша, “Мергендер мекені” алдымен Алматы және Түркістан қаласынан басталды. Кейін Батыс Қазақстан, Солтүстік өңірді аралап, сұр мергендер іріктеледі.

– Садақ ату ұлттық спорты соңғы үш жылдықта қарқынды дамып келе жатыр. Осы ретте біз республика бойынша сұр мергендердің басын біріктіріп, ұлттық спорт ойынын жаңғыртып, насихаттаймыз. Жобаның ерекшелігі – байқауға қарапайым адамдар да, кәсіби мергендер де қатыса алады. Ереже бәріне ортақ. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпазға Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер беріледі, – дейді жоба продюсері Тоғжан Құрманжанқызы.

Қазіргі таңда ұйымдастырушылар әр облыс пен қаладан 10 садақшыдан (ерлер және әйелдер) іріктеледі. Жоба продюсерінің айтуынша, садақ атуға қызығушылық танытқандар көп, әсіресе, қыздар. Десе де ереже қызға да, жігіткн де ортақ.

– «Мергендер мекені» байқауына жартылай финалына 50 мерген іріктелді. Бүгін өз өнерімізді көрсетуге дайынбыз. Садақ атумен айналыс жүргеніме бір жылдай уақыт болды. Байқауға да қатысып, жүлделі болдым. Ұлттық спорт, соның ішінде садақ ату өнері дами берсін», – дейді қатысушы Самал Зұлпықаров.

Ал Оралдан келген мерген Дәурен Кендібаевтың садақ атумен айналысып жүргеніне жарты жыл болған. Айтуынша, осы уақыт аралығында Орал қаласы бойынша TOP-10 ілігіп, жамбы атудан 3-орын иеленген.

Айта кетейік, жобаның ақтық кезеңі 27 шілдеде елордада өтеді. Жалпы бағдарламаның шығарылымы күзде «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.

Exit mobile version