Ақтауда лейшмания ауруына қарсы фитопрепарат шығарған жас ғалым тұрады

Ақтау қаласындағы ғалымдар туралы көбі біле бермейді. Жалпы өңірде 150-ге жуық ғалым бар. Бәрінің де жеткен жетістігі бір төбе. Соның бірі Маңғыстау өңірі үшін таңсық, әлі дамымай тұрған ғылыммен айналысатын жас ғалым – Мәншүк Ибраева.

Мәншүк Ибраева – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде терең білім алып, ғылым жолында тәжірибесін жетілдірген маман. Бүгінде соңынан ерген ғалымдарға үлгі болып, олардың ғылым саласында өз орнын табуына үлес қосуда. Себебі, ол ғылым мен білімі дамыған елдің ертеңі жарқын болатынына сенімді. Осы ретте жалынды жас ғалымдар легінің көбейгені маңызды деп ойлайды. Сондықтан да Мәншүк Мұратқызы еңбек жолы басталған С. Аманжолов атындағы университетте бірнеше докторанттың жетекшісі ретінде танылып, талай магистрлік жұмыстың қорғалып шығуына себепші болып жүр.

Жалпы Мәншүк Мұратқызының ғылыми бағыты – табиғи қосындылардың химиясы немесе фитохимиялық зерттеулер.

– Ғылыми бағытым бойынша өсімдіктердің құрамынан дәрілік заттарды аламын. Осы уақытқа дейінгі жетістігімнің бірі 2015 жылы Қытайға барып, артемизия өсімдігінің құрамын зерттедім. Нәтижесінде, бактерияға қарсы өнім шықты. Ал 2016 жылы Пәкістандағы Карачи университетінде вербаскум өсімдігіне зерттеу жүргіздім. Құрамынан бұрын әлемде келтірілмеген жаңа екі зат алынды. Сол заттардан фитопрепарат дайындадым. Ол лейшмания ауруына қарсы күшті белсенділік көрсетті. Нәтижелерінің барлығы патенттелген болатын. Осылайша SCOPUS базасына материалдар шыққан еді. Мұндай нәтижеге қолжеткізу үшін тынымсыз еңбек, ізденіс, ерік-жігер мен шыдамдылық қажет. Осы қасиеттер әрбір ғалымнан табылса, шығар шыңымыз биік болар еді», – дейді Мәншүк Ибраева.

2022 жылдан бастап «Жас ғалым» жобасы қолға алынды. Жоба бойынша жыл сайын 1000 грант бөлінеді. Биыл бұл жоба жалғасуда. Ақтаулық ғалым Мәншүк Ибраеваның айтуынша, қазір аталған «Жас ғалым» жобасына қатысып, нәтижесін күтуде. Жалпы жастарға, оның ішінде ғылыммен айналысатындар үшін мұнан да бөлек түрлі қолдаулар мен конкурстар бар екенін тілге тиек етті.

Қазіргі таңда Мәншүк Ибраева Маңғыстау өсімдіктерінің құрамын зерттеу үшін тәжірибелік-ботаникалық бағымен бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Ғалымның сөзінше, Маңғыстау – аридті зона, өсімдіктері ащы, бактерияларды өлтіруге және адам ағзасына пайдалы. Сондықтан алдағы жоспары бойынша жергілікті жерде өсетін өсімдіктердің құрамына зерттеу жүргізіп, жаңа нәтиже шығармақ.

Айта кетейік, елде 2022 жылмен салыстырғанда ғалымдардың саны артуда, оның ішінде 40 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 46% -ға жеткен.

Жұлдызай Қалиева 

Exit mobile version