Амфитеатр алаңында Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жастар күніне арналған «Кешкі шай» жастар кеші өтті, – деп хабарлайды облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.
Алдымен жоба аясында облыстағы кітап сататын дүкендердің қатысуымен кітап жәрмеңкесі өтті. Облыс тұрғындары жәрмеңкеден 200-ден аса кітап сатып алды. Мұнан бөлек 50-ден аса кітапсүйер жас Bookcrossing-ке қатысып, өзі оқыған кітабын жаңа кітапқа алмастырды.
«Жәрмеңке аясында жастар қазіргі заман көркем әдебиетін, сұранысқа ие мотивациялық және психологиялық кітаптарды сатып алды. Біз жастар орталығымен бірге тұрақты түрде кітап жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Себебі тұрғындардың қызығушылығы мен белсенділігі уақыт өткен жоғары. Әр жәрмеңке сайын жаңа оқырман табамыз. Сондай-ақ облыс жастарының кітапқа деген сұранысы мен талғамы биік екені қуантады», – деді «А books Аktau» кітап дүкенінің иесі Айжан.
«Кешкі шай» жастар кешіне өңір өнерпаздары, Маңғыстаудың мақтаныштарына айналған жастар, әнші Асылтас Аяп, «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасының финалисі Ақниет Әбитмұқан және Азия кубогының жеңімпазы, Еуропа кубогының және Гранд Слам жарысының қола жүлдегері, жақында Қытайда өткен Дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері, маңғыстаулық дзюдошы Сұңғат Жұбатқан келді. Олар жастармен еркін форматта сұхбаттасып, кең таралған танымал әндерді орындап, көпке позитивті көңіл-күй сыйлады. Ал дзюдошы Сұңғат Жұбатқан жастарға ізгі тілегін жеткізіп, көрермендермен бірге ләңгі теуіп, ойнады.
Кеш соңында талантты жастар караокемен ән айтып, маңғыстаулық жастардың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар кештің символы ретінде тұрғындарға тәтті сусын мен тіскебасар берілді. Бұдан бөлек түрлі конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға кеш демеушілері тарапынан сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен аймақта Халықаралық жастар күніне орай «Jastar Week» жастар апталығы өтіп жатыр. Апталық 12 тамызға дейін жалғасады.
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ