Ақтауда дзюдодан ХV турнир басталды

Ақтауда жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында дзюдодан «Ер Қосай Құдайкеұлы» жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир басталды, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

ХV рет ұйымдастырылып жатқан жарыста елдің 9 облысынан, сондай-ақ, Армения, Грузия, Қырғызстан елдерінен келген 525-ге жуық спортшы бақ сынайды. Маңғыстау облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашевтың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылардың күш-жігерін жігерлендіріп, алға қарай жылжуына серпін береді.

-Осыған дейінгі өткен турнирлерде топ жарған жас спортшылар өз шеберліктерін шыңдап, ел намысын қорғап, көк туымызды асқақтатып келеді. Сол секілді бүгінгі турнир жеңімпаздары да әлемдік ареналарда бақ сынасып, жоғары көрсеткішге ие болады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, осындай ауқымды спорттық шаралар алдағы уақытта да жиі өтетін болады, – деді Айбек Имашев.

Байқауда 10-11, 13-14 жас аралығындағы спортшылар сайысқа түседі. Спортшылар шеберлігі мен алғырлығын 25 төреші сарапқа салады. Маңғыстау облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов турнир жеңімпаздары «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» атағына ие болатынын айтып өтті.

-Бұл турнир еліміздің жас спортшыларына дүбірлі додада дараланып, шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Жас дзюдошылар әлемдік аренада ел абыройын асқақтатқан азаматтар ізін жалғайды деген сенімдеміз. Олар осындай турнирлерден озық тәжірбие жинақтап, алмасатын болады, – деді Манарбек Бисекенов.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша 8 спортшы финалға шықты. Олардың қатарында 13 жастағы маңғыстаулық Аяна Батыр да бар. Аянаның дзюдомен шұғылданып жүргеніне үш жылға жуықтады. Турнирде ол 36 келі салмақ дәрежесінде күресіп, үздік атанды.

-Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл турнирге осымен үшінші жыл қатарынан қатысып, жыл сайын тәжірбие жинақтап келемін. Соның нәтижесінде бүгін қиындықсыз финалға шығып, қарсыласымды жеңдім, – деді Аяна Батыр.

Exit mobile version