Ақтауда Caspian Startup-2023 халықаралық байқауы өтеді

Ең үздік IT стартап жобалары сынға түсетін халықаралық «Сaspian Startup» байқауының жаңа кезеңі басталды. Алғаш рет 2018 жылы Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен өткізілген  IT стартаптар байқауы биыл да жалғасын табады.

Осымен бесінші рет ұйымдастырылған халықаралық байқауға қатысу үшін 215 IT жоба өтініш білдірді. Атап айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектептерінен 153 өтінім, жалпы білім беретін мектептерден 35 жоба, ал колледж студенттерінен 5 айти жоба келіп түсті. Түрікменстан Республикасынан 21 өтініш түсті, оның 4 жобасы мектептен, қалғаны жоғарғы оқу орындары мен колледждерден келген. Әзербайжан Республикасы атынан бір жоба қатысуға өтініш білдірді. Аталған 215 жоба арасынан, яғни, екі іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 17 IT жоба ақтық сайысқа жолдама алды.

Биылғы байқаудың тақырыбы – «Өмірді жақсартатын IT стартаптар». Тақырыптың негізгі өзегі – халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобаларды қолдау.

Жүлде қоры ақшалай сыйлықтары мен еліміздің үздік жоғарғы оқу орындарының гранттары:
1-орын – 150 000 теңге
2-орын – 100 000 теңге
3-орын – 50 000 теңге

Байқаудың бас демеушісі – Astana Hub халықаралық ІТ стартаптар технопаркі.
Сондай-ақ үздік қатысушыларға Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университет, Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранттары табысталады.

Айта кетейік, «Caspian Startup» байқауы Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің авторлық жобасы. Байқау 2018 жылы бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Аталған жоба жас стартапшыларды қолдауға бағытталған.

Байқаудың ақтық кезеңі 6 маусым күні Ақтаудағы NIS базасында өтеді.

Exit mobile version