Ақтауда белсенді студенттердің базасы құрылды

Маңғыстау облысында белсенді студенттердің базасы құрылды. Мұнда әртүрлі мамандық бойынша білім алатын, жетістікке жетіп және қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүрген студенттер жиналған.

«Ақтау студенттер Альянсы» КҚ-ның атқарушы директоры Парасат Серіктің айтуынша, студенттер базасы облыстағы студент жастардың басын біріктіруге, әртүрлі қызығушылықтары бойынша жаңа орта құруға, сонымен қатар дағды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда студенттер базасында 150-ден аса жас бар. Онда облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары, спортты серік еткен жастар, дебат қатысушылары мен мобилографтар тіркелген. Алдағы уақытта көшбасшы жастармен бірлесіп, түрлі бағыттағы шараларды ұйымдастырамыз. Сол арқылы білімі мен жауапкершілігі, белсенділігі арқылы көпке үлгі болған студенттердің есімін әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы танытуға тырысамыз», – дейді Парасат Серік.

Белсенді студенттер базасын «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-мен бірлесе жасақтады. Айта кетейік, бұған дейін де көшбасшы студенттердің базасы жасақталған болатын.

«Студенттік шақты қызықты әрі пайдалы өткізу үшін өзара ынтымақтастық керек. Сондықтан студенттер базасын жасақтау өте маңызды. Мен белсенді студенттер құрамындамын, соның нәтижесінде көшбасшылық дағдыларды қалыптастырып, ұйымшылдықпен ортақ мақсатқа жұмыс істеуге дағдыландым. Сонымен қатар студенттің жетістікке жетуі жауапкершілікті талап етеді. Бұл ретте «Ақтау студенттер Альянсы» жанынан құрылған студенттер базасы әрбір жастың ынтасы мен қызығушылығын қанағаттандырып, жаңа деңгейге жеткізуге септігін тигізеді», – дейді Каспий өңірі “Болашақ” колледжінің 3-курс студенті Гүлдана Сейдахан.

Exit mobile version