Ақтауда базар жастары арасында шағын футболдан турнир өтті

Ақтауда «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде базарда жұмыс істейтін жастар арасында шағын футболдан «Теңбіл доп» турнирі өтті.

Облыста базар жастары арасында алғаш рет ұйымдастырылған турнирге 6 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

«Nazar Stroi» командасының ойыншысы Нұрбол Назаров турнир жоғары деңгейде өткенін және алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілуін тілге тиек етті.

– Өте жақсы ойын болды. Қарсыластарымыз да мықты дайындықпен келген. Бірінші турда 4-1 есебімен ұттық. Бастамасы өте жақсы. Мұндай жарыстар көптеп ұйымдастырылғаны дұрыс. Жарыс өтеді деген күннен бастап, бірден жаттығуға кірістік. Яғни, командамызбен бірге салауатты өмір салтын ұстанып, ұдайы спортпен шұғылданып жүрміз,– дейді Нұрбол Назаров.

Турнирде бас жүлдеге «Масат» базарының жастары ие болды. Ал 2-орынды «Сақ» базарының жастары қанжығаға байлады. Жүлделі 3-орынға «Мағаш» базарының жастары ие болды.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, базар жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

Спорттық шара Жастар күні қарсаңында «Jastar Week» апталығы аясында өтті.

Exit mobile version