Ақтауда адам құқығы бойынша жазғы мектеп өтті

Ақтауда «Erkin adamdar» қауымдастығы Адам құқығы бойынша жазғы мектебін өткізді. Шараның мақсаты – адам құқығы құндылығын дәріптеу, адам құқығының тарихы, философиясы мен қорғау механизмдері туралы білімді арттыру, сонымен қоса азаматтық қоғам тарапынан жасалатын бастамалардың көбеюіне ықпал ету.

Мектептің тренері ретінде әлеуметтанушы ғалым, зерттеуші Ғалым Жүсіпбек, ArtKoshe тәуелсіз театрының жетекшісі, драматург Әннәс Бағдат, журналист vlast.kz тілшісі Назерке Құрманғазинова, Erkin adamdar қауымдастығынан азаматтық жобаларды жасап жүрген журналистер Ақерке Ораз, Баубек Сағындық, Бэлла Орынбетова қатысты.

Мектепке тыңдаушы ретінде Ақтау қаласындағы әлеуметтік бастамаларға қатысып жүрген, азаматтық салада білімін арттыруға ниетті жастар қатысты. Тренингте адам құқының әмбебаптығы, адам құқығын қорғаудағы қоғамның, оның ішінде жекелеген азаматтық бастамалардың маңызы, өнер және медианың үлесі сөз болды. Сонымен қатар қазақстандық режиссерлердің фильмдері көрсетіліп, Әннәс Бағдат кино, медиадағы контентті көру, оған сыни пайыммен қарау машығы жөнінде дәрістер берді.

Қорытындылай келе, Ақтау қаласындағы азаматтық бастамалардың дамуына септігін тигізу, осы мақсатта тыңдаушылардың қоғамдағы түрлі әлеуметтік проблемаларды шешуге, адам құндылығын арттыру, қоғамның өзара ықпалдасуына бағытталған жобалардың байқауы болмақ. Байқау нәтижесі бойынша ең үздік, өміршең деп танылған жобаға қолдау көрсетіледі.

Exit mobile version