Ақтауда 800-ден аса тұрғын тегін кеңес алды

Ақтауда 18-22 қыркүйек аралағында Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Кеңес алаңы» өтті. Бір аптаға кеңес алаңынан 800-ден аса адам тегін кеңес алды.

Аталған шара 18 қыркүйекте «Аk kala mall» сауда орталығында, 19 қыркүйек күні «Мағаш» базарында, 20 қыркүйекте «Маңғыстау» сауда-ойын сауық кешенінде, 21 қыркүйекте «Hazar» базарында және 22 қыркүйек күні «Олжа» сауда үйінде ұйымдастырылды.

Кеңес алаңына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, кәсіпкерлік және сауда басқармасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ филиалы, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары келеді.

– Кеңес беру шарасының тиімділігі – мамандардың бір жерге жинақталуы және тұрғындардың кезек күтпей кеңес алуы. Осы жолы бір апта бойы өңірдегі сауда орталықтары алдында кеңес алаңын өткіздік. Тұрғындар көбінесе жұмыссыздық бойынша сауалдарын жолдады. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және Отбасы банк мамандарынан толғандырып жүрген сұрақтарына жауап тапты. Тұрғындарға кеңес беріп, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізген сала мамандарына және шарамызға қолдау көрсеткен сауда орталықтарының басшыларына алғыс айтамын, – дейді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова.

Сонымен қатар жастар тарапынан мемлекеттік гранттар жайлы сұрақтар қойылды.

– Кеңес алаңы аясында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 5 000 000 тг дейінгі 2,5 пайызбен берілетін несиелер, мемлекеттік гранттар және Даму қорымен берілетін шағын несиелер бойынша сұрақтарына жауап алды. Осыған дейін басқа да сауда орталықтарында кеңес беру ұйымдастырылды, – дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Оспан Нысан.

Айта кетейік, жастар орталық қазан айында аудан орталықтары мен ауыл-аймаққа барып, кеңес беруді жоспарлап отыр.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Exit mobile version